Атырау, 28 қараша 01:32
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

«Үкімет - азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясы құрылатын болады

2 118 просмотра

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Құжат Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған.

Атап айтқанда, Ұлт жоспарында мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің провайдеріне айналатын «Үкімет - азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясын құру көзделген еді. Бұл корпорация халыққа қызмет көрсететін барлық орталықтарды бір жүйеге келтіріп, азаматтар мемлекеттік қызметтерді бір жерден алатын болады. Осыған байланысты, заң жобасының мақсаты «Үкімет - азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясының «бір терезе» қағидаты бойынша жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтерді көрсетуіне байланысты қатынастарды реттейтін нормаларды заңдық тұрғыдан бекіту болып табылады.

Айта кетерлігі, «Үкімет - азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясы акционерлік қоғам, коммерциялық емес ұйым түрінде құрылады. Оның директорлар кеңесінің құрамына барлық министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, тәуелсіз сарапшылар енеді. Тұтастай алғанда, «Үкімет - азаматтар үшін» бірыңғай провайдерін құру арқылы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының базасына Жер кадастры, жылжымайтын мүлік орталықтары, Зейнетақы төлеу орталықтары мемлекеттік мекемелерін біріктіру көзделеді. Бұл ретте заң жобасымен көрсетілетін қызметтер сапасын мейлінше жақсарту, оларды көрсету мерзімдерін қысқарту көзделеді.

Сонымен қатар заң жобасы арқылы ақпараттық жүйелерді интеграциялауды жүргізу бойынша мемлекеттік органдарға қойылатын талаптар бекітіледі. Ұлттық мұрағат қорына тапсырылуға жататын құжаттарды электрондық форматқа ауыстыру тәртібі реттеледі.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Сенатқа жолданады.

Дереккөз: inform.kz

7 қазан 2015, 10:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.