АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы шетелдік ұйымдар өз туларымен бірге Мемлекеттік Туды орналастыруға міндеттеледі. Бұл туралы бүгін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім болды.
Заң жобасы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында жүктеген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген.
Атап айтқанда, заң жобасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға бағытталып, онда Мемлекеттік Туды пайдалану тәжірибесін кеңейту, мемлекеттік рәміздерді пайдалану және насихаттау бойынша жаңа тиімді әдістер енгізуді қарастырады. Үкіметтің осы мәселе бойынша құзыреті нақтыланады.
«Заң жобасында мемлекеттік рәміздерді патриоттық тәрбилеу жүйесінің маңызды элементі ретінде заңды және жеке тұлғалардың пайдалану практикасын нақты регламенттейтін әрі кеңейтетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мұнда мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібін кеңейту, насихаттау және оларды қолдану жөніндегі үкіметтік және өкілетті органның құзырын нақтылау, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнін атап өтудің ережесін әзірлеу, мемлекеттік рәміздер және геральдикалық белгілер мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес құру мәселелері қарастырылған», - дейді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов.
Оның айтуынша, заң жобасымен мемлекеттік рәміздерді қолдану тәжірибесін кеңейту мақсатында мемлекеттік заңды тұлғаларға арналған, сондай-ақ ұлттық компаниялардың, холдингтердің және жалғыз акционер болып табылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің мемлекеттік символикаларға қатысты экспозициясы үшін орын бөлу қамтылып отыр.
«Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында қызметін жүзеге асыратын шетелдік ұйымдардың туларын Қазақстанның Мемлекеттік Туымен бірге орналастыру нормалары да қарастырылды», - деді вице-министр.
Заң жобасы палатаның алдағы отырысына шығарылады.
Дереккөз: inform.kz