Жамбыл облысында екі жігіт жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін 150 сағатқа қоғамдық жұмысқа жегілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Биыл мамыр айында Мойынқұм ауданы Қылышбай ауылының тұрғындары 19 бен 22 жастағы екі жігіт Асхат Манап пен Жарас Манапов сексеуіл ағашының ішінен алты бөлтірікті байқап, ұялы телефондарының камерасына түсіре бастаған. Одан кейін олар жабайы аңдарды қорлап, мазақ еткен. Соның салдарынан барлық алты бөлтірік өлтірілген", - дейді баспасөз қызметіндегілер.
Айта кетейік, айыпталушылар өз кінәларын толықтай мойындап, істеген істеріне өкінді. Сот екі айыпталушыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 316-бабы 2-бөлігімен ("Жануарларға қатыгездiк жасау") кінәлі деп тауып, 150 сағатқа қоғамдық жұмысқа жегу жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, видео әлеуметтік желілерде 13 шілдеде жарияланған болатын. Кадрдан белгісіз үш ер адамның даладан табылған алты бөлтірікті қорлап өлтіргенін көруге болады.
Дереккөз: tengrinews.kz