Атырау, 28 қараша 01:34
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өтемақыны қандай бағаммен төлейтінін хабарлады

3 274 просмотра

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" салымшыларына бағамдық айырмашылық бойынша өтемақыны 254 теңге бағаммен төлейді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Қаржы ұйымының баспасөз қызметі таратқан хабарламадағы мәліметтер бойынша, сомасы миллион теңгеден асқан 57 мың келісімшарт үшін 40 миллиард теңге бөлінеді.

Tengrinews.kz есебі бойынша, әрбір салымшыға 701 754 теңгеден келеді. Бұл шоттардағы жалпы сома 114 миллиард теңгеге тең немесе әрқайсысында шамамен 2 миллион теңгеден бар деген сөз. Тиісінше, қорытынды сома 2,701 миллион теңге шығады. Бағам 188,3 теңге болып, ұлттық валютаның құны күрт құлдырағанға дейін шамамен 2 миллион теңгесі бар салымшылардың шотында 10 621 доллардан болған. Егер 2,701 миллионды 10 621-ге бөлсек, шамамен 254 теңге шығады.

Сонымен қатар, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" баспасөз қызметіндегілер жинақтың жалпы сомасы 1 миллион теңгеден төмен салымшылар үшін 20,9 миллиард теңгенің бөлінгенін хабарлады. Қаржы ұйымында мұндай 435 мың келісімшарт бар, жалпы сомасы - 66 миллиард теңге. Бұл жағдайда бағамдық айырмашылық бойынша өтемақы төлеу Ұлттық банктің схемасымен жүзеге асырылады және 248,16 теңге бағаммен төленеді. "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" басқарма төрағасының орынбасары Ербол Қарашүкеевтің мәлімдеуінше, бұл әзірше шамамен алынған сома. Ол өтемақының нақты мөлшері ҚР Ұлттық банкінің схемасы бойынша, яғни 2016 жылдың 30 қыркүйегіндегі бағаммен белгіленетінін еске салды. "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бұл 35 пайызды өзінің табысы есебінен төлейді. Біз қазір үкіметке де өтініш білдірдік, яғни өтемақыны төлеу үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлу жөнінде. Біз 18 және 20 тамыз аралығындағы бағамды белгілейміз, яғни ұсыныс жасалған кезді. Егер депозитте миллион теңгеден аз сома болса, біз ең төменгі соманы есепке алдық, яғни олар өтемақы төлеміне ілікпейді. Нақтырақ айтқанда, жинағы 3 мың теңгені құрайтын салымшылар бар, олар бұған қызығушылық танытпайтын шығар", - деді ол.

Айта кетейік, схеманың нақты тетіктері әлі жетілдірілген жоқ. Бірақ бағам айырмашылығы бойынша төлемақы алуға өтінішті онлайн режимінде беруге болатыны белгілі, бұл қызмет электрондық цифрлық қолтаңбасы бар азаматтарға арналған. Сонымен қатар, арнайы банк шотын ашудың қажеті болмайды. Бағамдық айырма депозит Банкте бір жыл көлемінде сақталады деген шарт бойынша төленеді.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" басшылығы төленетін өтемақы мөлшерінің көлемі мен өтемақы алуға өтініш берген салымшылар санының болашақ доллар бағамына байланысты өзгеруі мүмкін екенін айтты.

Бұған дейін "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басқармасының төрағасы Айбатыр Жұмағұлов өтемақы алуға салымшылардың барлығы үлгеру үшін банктің жағдай жасайтынын мәлімдеді. Банктегілердің айтуынша, 2015 жылдың 18 тамызындағы жағдай бойынша, 492 мың келісімшарт ашылған, олардың ішінде бір миллионнан аз көлемде жинағандардың саны - 435 мың. Бұл еліміздегі теңгемен ашылған барлық депозиттің 30 пайызы. Қалған 57 мың депозитте 1 миллион теңгеден аса қаражат бар. Қазіргі уақытта банк ұзақ мерзімді депозиттер бойынша бірінші орында тұр.

Дереккөз/фото: tengrinews.kz

2 қазан 2015, 12:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.