Астанадағы үйлену тойы кортежінің жүргізушілері ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі елорда ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, кортеждің жүрген уақыты мен қанша көліктің болғаны, сонымен қатар, олардың Қонаев көшесімен Қабанбай батыр даңғылынан Сарыарқа даңғылына дейін барғандары анықталды.
Жолда жүру ережелерін өрескел бұзған кортеж жүргізушілерін ІІД ӘПБ жол-патрульдік инспекторлары ұстады және әкімшілік жауапкершілікке тартты:
жолдың қарсы бағытына шығу ҚР ӘҚБК 596-бабы 3-бөлігі бойынша - (4 хаттама); қозғалыс қатарларын бұзу ҚР ӘҚБК 596-бабы 2-бөлігі бойынша - (4 хаттама); артқа жүру 595-бабы 2-бөлігі бойынша - (3 хаттама); көлікті мемлекеттік тіркеу номерінсіз басқару ҚР ӘҚБК 590-бабы 2-бөлігі бойынша - (2 хаттама); автокөліктерге стробоскоптар орнату ҚР ӘҚБК 603-бабы 2-бөлігі бойынша - (1 хаттама); дыбыс сигналдарын пайдалану ережелерін бұзу 602-бап бойынша - (5 хаттама); жолаушыларды тасымалдау ережесін бұзу ҚР ӘҚБК 593-бабы 1-бөлігі бойынша - (2 хаттама).
Сонымен қатар, құқық қорғау органындағылар құқық бұзушылардың туыстарын жауапкершілікке тартуға негіздің жоқ екенін айтты.
Айта кетейік, бұл құқық бұзушылықтар үшін салынатын айыппұлдың көлемі жарты миллион теңгеге жуықтайды, 21 хаттама толтырылды. Тоғыз жүргізушінің төртеуі көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде қымбат көліктермен елорда көшелерінде шоу ұйымдастырғандар видеосының жарияланғаны хабарланған болатын. "Гелендвагендердің" жүргізушілері өздерінің артқа қарап көлік жүргізе алатын "өнерлерін" көрсетті. Олар бірнеше рет жол апаты қаупін тудырып, жолдың қарсы бағытына шығып, жол ортасындағы жолақтарды басты. Жүргізушілердің бұл қылығы қолданушылардың наразылығын тудырды.
Дереккөз: tengrinews.kz