Атырау, 28 қараша 01:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Назарбаев АҚШ-тың ірі компанияларын ынтымақтастыққа шақырды

2 486 просмотра

Астана. 28 қыркүйек. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йоркте АҚШ-тың ірі компанияларының өкілдерімен кездесті, деп хабаралды мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.

«Кездесу барысында компаниялардың Қазақстан экономикасының бұдан әрі дамуына қатысу аясын кеңейту жолдары мен Астана халықаралық қаржы орталығын құру бағытындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері талқыланды», - делінген дүйсенбіде Ақорда сайтында жарияланған хабарда.

Қазақстан Президенті Американың бизнес өкілдеріне Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы қалыптасуы мен дамуы жөнінде, сондай-ақ реформаларды жүзеге асырумен қатар, республиканың халықаралық аренадағы беделін нығайту жолындағы қазіргі табыстары туралы әңгімеледі. Егемендіктің алғашқы жылдарында бірқатар америкалық компаниялар өз әрекеттері арқылы Қазақстанға тиімді инвестиция салудың үлгісін көрсеткені атап өтілді.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ бүгінде АҚШ компаниялары іс жүзінде экономикамыздың барлық саласына қатысып отырғанына назар аударды.

Сонымен қатар Қазақстан президенті ел алдына қойылып отырған қазіргі маңызды міндеттерге де егжей-тегжейлі тоқталды. Олардың қатарында Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру, инвестициялық ахуалды жақсарту шаралары, экономикаға мемлекеттің қатысуын азайту және «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы ауқымды инфрақұрылымдық құрылыс жұмыстары аталды.

«Алдағы ЭКСПО-2017 көрмесіне және соның аясында Астанада халықаралық қаржы орталығын құру мәселесіне айрықша назар аударылды. Мемлекет басшысы АҚШ компаниялары осы жобаларға белсене қатысатынына сенім білдірді. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев кездесуге қатысушыларды өзара тиімді негіздегі ынтымақтастықты дамыту ісіне атсалысуға шақырды», - деп хабарлады президенттің баспасөз қызметінен.

Кездесуде сөз алған бизнесмендер елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру және әрі қарай даму үшін қажетті құқықтық, институционалдық, инфрақұрылымдық негізді нығайту бағытындағы Қазақстанның күш-жігерін жоғары бағалады.

Кездесуге Guggenheim, JP Morgan, Pfizer, Blackstone және басқа да жетекші компаниялардың, қорлар мен қаржы институттарының басшылары қатысты.

Дереккөз: ҚазТАГ

28 қыркүйек 2015, 11:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.