Қазақстан машина жасаушылар форумына әлемнiң 30 елiнен делегат қатысады. Бұл жөнiнде ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пiшембаев мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.
«Биылғы жылдың 1-2 қазанында Астанада Қазақстан машина жасаушыларының III форумы өтедi. «Жаңа экономикалық жағдайда машина жасауды дамытудың проблемалары мен келешегi» форум тақырыбы болып белгiленiп отыр. Яғни, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа, Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүше болуы бұл отандық машина жабдықтарының өндiрiсiне қалай әсер еткені, сала алдындағы жаңа мүмкiндiктер талқыланады. Форум алаңында 1 қазанда машина жасаудың түрлi салаларының мәселелерi, сондай-ақ, ықпалдастық сипатындағы мәселелер, кадрлық жұмыс 7 секция бойынша талқыланады. Форумға елiмiздегi кәсiпорындардан 455 делегат қатысады және әлемнiң 30 елiнен келген 200 шетелдiк делегат қатысады деп күтiліп отыр. Форумда шетелдiк инвесторлармен өзара iс-әрекет, бiрлескен кәсiпорындар құру мәселелерi де назардан тыс қалмайды», - дедi М.Пiшембаев.
Оның айтуынша, машина жасау саласының өнiмдерi тек сапалы көрсеткiшке жетiп қана қоймай, экспортқа бейiмделген болуының жолдары мемлекеттiк органдармен, қоғамдармен, машина жасау қауымдастығымен бiрлесiп қаралады.
Дереккөз: bnews.kz
25 қыркүйек 2015, 15:42