26-29 қыркүйекте Қазақстан Президенті БҰҰ Бас ассамблеясының Нью-Йоркте өтетін мерейтойлық 70-сессиясына қатысу үшін ұйымның Бас хатшысы Пан Ги Мунның шақыруымен Америка Құрама Штаттарына барады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елбасы Бас ассамблеяның Жалпы дебатында баяндама жасап, БҰҰ Мыңжылдық даму мақсаттарын жүзеге асыру және Орнықты дамудың 2030 жылға дейінгі мақсаттарын қарастыру жөніндегі саммитке, сондай-ақ Зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизммен күрес жөніндегі саммитке қатысады деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Бас ассамблея аясында бірқатар мемлекеттер мен үкіметтер басшыларымен келіссөздер жүргізу көзделуде. Американың JP Morgan, Guggenheim, Chevron, Microsoft және басқа ірі компаниялары өкілдерімен кездесу өткізу де жоспарланған.
Осыған дейін хабарланғандай, Нұрсұлтан Назарбаев Обамамен, Си Цзиньпинмен және Путинмен бірге 28 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ пікірсайысын ашады.
Бұл жаңалыққа қатысты түсінік берген саясаткер Ерлан Қарин Tengrinews.kz тілшісімен әңгімесі барысында Назарбаевтың Обамамен, Путинмен және Си Цзиньпинмен бір күнде сөз сөйлеуіне қарапайым кездейсоқтық деп қарамауға назар аудартты.
"Қазақстан Президентінің БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлы сессиясында бірінші күні сөз сөйлеуге шақыртылуы біздің елдің күн тәртібіндегі жаһандық мәселелерді талқылаудағы еліктірушілігін көрсетеді", - деді ол.
Дереккөз: tengrinews.kz