Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында төменгі палата депутаттары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Заң жобасы ашық конкурстық іріктеуді қамтамасыз етуге, құзыреттілік негізінде мансаптық, яғни лауазымдық жоғарылатуға, нәтижеге байланысты еңбекақыны анықтайды. Осы шаралар мемлекеттік қызметтегі тамыр-таныстық пен заңсыз қамқорлыққа қарсы бағытталған», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров.
Мәжіліс комитетінің қорытындысында атап көрсетілгендей, заң жобасында азаматтарды «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына іріктеудің жаңа жүйесі енгізіледі. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына алғаш рет немесе қайтадан орналасып отырған азаматтар мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін мынадай іріктеу сатыларынан өтеді: тестілеу, уәкілетті органның қорытындысын ала отырып, азаматтарды жеке қасиеттерін зерделеу арқылы бағалау және жалпы конкурс.
«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға арналған конкурстық іріктеу жалпы және ішкі конкурстан тұратын болады.
Заң жобасына сәйкес «Б» корпусының мемлекеттік қызметшісін конкурс өткізбей ауыстыру рәсімі тек қана мемлекеттік органдардың бірінші мемлекеттік лауазымдарының көмекшілері немесе кеңесшілері және баспасөз хатшылары үшін сақталады.
Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің ротациясы жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызметшілер басқа жерге ротация кезінде жекешелендіру құқығынсыз қызметтік тұрғын-жаймен қамтамасыз етіледі.
Заң жобасына сәйкес мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау Қазақстан Президентінің шешімі бойынша жүргізіледі, ол оның тәртібін, мерзімін және мемлекеттік қызметшілердің санаттарын айқындайды.
Депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, сондай-ақ ілеспе заң жобасына да қолдау білдірді.
Дереккөз: bnews.kz
16 қыркүйек 2015, 12:19
Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.
Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.