Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.
Ақтөбе облысының жаңа әкімін облыс активіне ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов таныстырды. Ал облыстық мәслихат депутаттары оның кандидатурасын бірауыздан қолдады.
Үкімет басшысы К.Мәсімов өз сөзінде жаңа әкімнің міндеті айқын екенін айтты. Облыс әкімі қызметіне тағайындалған өңірдің экономикалық-әлеуметтік саласын дамытуға, кәсіпкерлікті жандандырып, халықтың хал-ахуалын жақсартуға тапсырма берді.
Бердібек Сапарбаев 1953 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бесарық ауылында туып, өскен. Алматы халық шаруашылығы институтының жоспарлау экономикалық факультетін бітірген. Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастады.1990 жылы ҚР Білім министрінің орынбасары болды. 1994 жылдан ҚР Президенті және ҚР Министрлер кабинеті Аппаратының қаржы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1995 жылдың наурыз айынан ҚР Министрлер кабинеті Аппаратының жетекшісі қызметін атқарған. 1995 жылдың қыркүйек айынан Қызылорда облысының әкімі болды. 1999 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болды. 2002 жылдан - ҚР Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, 2004 жылдан - қаржы вице-министрі - ҚР Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің төрағасы, 2006 жылдан - ҚР Премьер-министр кеңсесі жетекшісінің орынбасары - ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкіметтің өкілі, 2007 жылдан - ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі,
2009 жылдан 2014 жылдың қарашасына дейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарған. 2014 жылдан бастап Премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарды.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысының әкімі қызметін 43 жастағы Архимед Мұхамбетов 4 жыл бойы атқарды. Ол Ақтөбе облысы, Алға ауданында туған. Самара мемлекеттік техникалық университеті мен Қазақ-орыс халықаралық университетін бітірген. Мамандығы – инженер-электрик, қаржыгер. Бұған дейін Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, қала әкімі болды. 2011 жылдан бастап Ақтөбе облысының әкімі қызметін атқарды. Ол бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қостанай облысының әкімі болып тағайындалды.
Дереккөз: bnews.kz
11 қыркүйек 2015, 16:17