Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды бейресми түрде "Ұлы Дала елі" деп атауға болатынын тағы бір мәрте мәлімдеді, - деп хабарлайдыTengrinews.kz тілшісі.
"Қазақстанның ғаламдық қауымдастықтағы атағы мен танымалдығы кеңейе түсу үшін жеріміздің жүріп өткен және келешек тарихи жолын зерделеу біз үшін маңызды. Әлемде кейбір халықтың ресми мемлекеттік атауымен қатар айрықша бейресми ұғымды қолдануының мысалы көп. Біздің киелі жерімізді ежелден Ұлы Дала, ал бізді Ұлы Дала перзенттері деп атаған. Оны бағзы заманғы ақындар жырлап, халықтың туған жерге деген махаббатын домбыраның, қобыздың және жетігеннің үнімен еліктірген. Біз таңғажайып мүмкіндіктермен және үмітпен жаңа Қазақстанды тұрғызып жатырмыз, олар біздің ата-бабаларымыздың тарихында ешқашан болмаған", - деді Қазақстан Президенті Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында.
"Бірнеше мың жылдық тарихы бар жеріміз көз алдымызда өзгеріп келеді. Төбеміздегі аспан - әрбір ауылда, қазіргі заманғы Қазақстан қалаларында болып жатқан өзгерістердің куәсі. Күн біздің игі істерімізді жарықтандырады, көк аспан мен күн - біздің туымыздың түсі. ХХІ ғасырда Еуразияның ұлан-байтақ кең даласы түрленіп, қайта гүлденіп жатыр. Біз тарихымыздың жаңа шамшырағын жақтық. Сондықтан бүгін және мәңгілік біздің Қазақстан - ол "Ұлы Дала елі", бұл түрленген Ұлы даланың елі, Отанымыздың көпұлтты халқының үйі және бесігі. Отанымыздың - Ұлы даланың сүйікті елінің ұлттық атауы міне осындай", - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Отанымыздың халықтық атауы оның өткенін, қазіргісі мен болашағын бейнелейтінін атап көрсетті. Онда Қазақстанымыздың болмысы, оның негізгі қырлары көрініс тапқан. Бұл - ақжарқындығымыз бен кең пейіліміз, жүрегіміздің жылылығы, қонақжайлық пен бейбітсүйгіштік, даналық пен байыптылық, еңбекқорлық пен жігерлілік.
"Бұл - өз күшімізге және туған мекенімізде бұған дейін болмаған өркендеуге қол жеткізу мүмкіндігіне деген сенім. Жаңа Қазақстанымыздың осы бейнесі әрбір қазақстандықтың санасы мен жүрегіне орнығып, бүкіл әлемге мойындалатынына сенімдімін", - деді Назарбаев.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды "Ұлы Дала елі" деп атауды биыл тамыз айының соңында өткен халықаралық конференция барысында ұсынды.
Дереккөз: tengrinews.kz