Қазақстанда салымшыларға бағамның өзгеруіне байланысты өтемақы беріледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы баспасөз мәслихаты кезінде ҚР Ұлттық банкінің төрағасының орынбасары Қуат Қожахметов мәлімдеді.
Ұлттық банк өкілінің айтуынша, өтемақы берудің тәртібі жасалды. Оны қазақстандық банктер және Қаржыгерлер ассоциациясы талқылаған. Депозит иелері өтемақы алу туралы өтінішті 2015 жылдың 1 қазанына дейін жазуы тиіс. Кейін мерзім ұзартылуы мүмкін. Алайда өтемақы 2016 жылы төленетін болды.
Өтемақыны теңгемен ақша жинап жатқандар ала алады. Алайда олардың салымы 1 миллион теңгеден аспауы қажет. Сонымен қатар, салымдардың банкте болғанына бір жылдан кем болмауы керек. ҰБ төрағасының орынбасарының айтуынша, бұл бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында банктерде call-орталықтар мен кеңесшілердің жұмысы күшейеді.
Осыған дейін Қазақстанның Ұлттық банкі ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгерістерді енгізетінін хабарлаған еді. Жұмыс тобының бағдарламаны жасау бойынша отырысында қарыздарды қайта қаржыландырудың елдегі валюта саясатына әсері сарапқа салынды. Оның қорытындысы бойынша, жаңа валюталық бағам режимінің есебінде бұл бағдарламаны толықтай жүзеге асыруға мүмкіндік беретін шаралар жасалып, қаралды.
Қаржы қызметін тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобының мемлекеттік салықты төлеуден босатылатынын, бұл шығынды Ұлттық банктің өзі жабатынын айтты. Сонымен қатар, кейбір проблемалық берешек адамдарға қатысты бағамның өзгеруіне байланысты босаңдық жасау енгізіледі. Олар қарызды ескі бағаммен, яғни 188,35 көрсеткішінде өтейді. Сонымен қатар, проблемалық берешек адамдар жеке табыс салығынан босатылады.
Терентьевтің айтуынша, банктер салымшылардан 7 мың өтініш қабылдады, олардың ішінде шамамен 4 мыңы мақұлданды. Департамент директорының айтуынша, жалпы ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы 25 мың адамға қатысты болады, оның ішінде 5-7 мыңы халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобы саналады. "Бағдарламаға бақылау қойылған, әрбір 15 күн сайын қоғамдық бірлестіктерге есеп береміз", - деді Терентьев.
Еске сала кетейік, 2015 жылдың 20 тамызында ҚР Үкіметі Ұлттық банкпен бірігіп, теңгенің еркін ауытқу бағамына өту туралы шешім шығарды. Мұнда инфляциялық таргеттеу режимінің негізіндегі жаңа ақша-кредит саясатын жүзеге асыруға өту, валюта дәлізін алып тастап, еркін ауытқу дәлізіне өту туралы сөз болып отыр. Мұндай шешім әлемдік экономикадағы жағымсыз факторлардың күшеюінің негізінде қабылданған.
Дереккөз: tengrinews.kz