Теңгенің тұрақсыздығына байланысты ресейлік сарапшылар Еуразиялық одақ аясында ортақ валюта “алтынды" енгізу валюталық дағдарысқа ең оңтайлы шешім болмақ деген пікірлерін айтуда деп хабарлайды 31 арна.
Ресейлік сарапшылар дағдарыстан шығудың жолы ретінде «Долларға алтынмен соққы беру» керек деген ұсыныстарын жасауда.
Көршілес елдің сарапшыларының ойынша, ортақ еуразиялық валюта қатысушы елдерге сауданы долларға жалтақтамай жүргізу мүмкіндігін береді.
Ал тұрғындар мен кәсіпорындар валюта айырбасы мен банк комиссиясынан көк тиын жоғалтпайтын болады. Ресейліктер болашақ еуразиялық қаржы орталығын құрудағы жоспарларын назарға ұсынды.
«Еуразиялық қор нарығы, шамамен Мәскеулік қор нарығында іске асырылатын болады. Ал Еуразиялық орталық банк Алматыда болуы мүмкін. Әрине бастапқыда қолма-қолсыз алтын пайда болады. Бірнеше жыл өткесін кэш (қолма-қол ақша) те тұрақтайды. Еуропалық елдердің еуроға өткендегі тәжірибесін де ескергеніміз жөн», – дейді «Альпари» сараптамалық департаментінің директоры Александр Разуваев.
Бұл тұжырыммен қазақстандық сарапшылар да ішінара келісіп отыр. Алтынды енгізу отандық кәсіпорындардың жұмысын біраз жеңілдетер еді.
Алайда ортақ валюта кей қауіп-қатерге себеп болуы да әбден мүмкін. Бұл орайда экономикадан гөрі саясат мәселесі алдыңғы қатарға шығады.
«Басты мәселе: екі ел қандай саясатты ұстанатын болады? Тек экономикалық емес, одан да кеңірек түсініктегі дүние. Ресейдің Батыспен тайталасы барлығымызға кері әсерін тигізуі мүкін», – дейді экономист Марат Қайырланов.
Экономистердің пікіріне сәйкес, қазіргі валюталық дағдарыс мемлекет басшылығын бюджетті толтырудың өзге әдістерін іздеуге итермелейді.
Оған мысал ретінде Норвегияны келтіруге болады. Аталмыш ел кәсіпкерлікті дамытуға қажет қаржыны мұнай сатылымынан түскен қаражатпен қамтамасыз етіп отырған.
Дереккөз: nur.kz