Полиция Алматыдағы селден қаза тапқандар туралы жалған ақпарат таратқандарды ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалған ақпарат таратқан 25 жастағы алматылық жігіт болып шықты. Ол селдің салдарын жою кезінде төрт адамның денесінің табылғандығы туралы хабарламаны әлеуметтік желі арқылы таратқан.
"Дерек бойынша ІІД "Ақпараттық-коммуникациялық желілер мен ақпарат құралдары арқылы жалған хабарлама тарату" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Хабарламаны таратқан адам жедел іздестіру шаралары кезінде анықталды, ол ұсталды. Осы дерек бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр", - деді ІІД өкілдері. Айта кетейік, Алматы полициясы осыған ұқсас жалған хабарлама таратқан басқа да адамдарды іздстіріп жатыр.
Айта кетейік, селден кейінгі тазалау жұмыстары кезінде әйелдің денесі табылғаны туралы ақпарат Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған болатын. Кейін полиция Алматыда болған селден қаза тапқандардың жоқ екендігін ресми түрде хабарлады. "Алматының ішкі істер департаменті әлеуметтік желіде тараған "селдің салдарын жою барысында табиғи апаттан қаза тапқандардың денесі табылыпты" деген ақпараттардың жалған екенін мәлімдейді. Селдің салдарынан қаза болғандар жоқ", - делінген ІІД таратқан хабарламада.
Еске сала кетейік, Алматыдағы сел 23 шілде күні түнгі сағат 03.00 шамасында жүрді. Қарғалы өзенінің су деңгейі көтерілгендіктен Қарғайлы және Таусамалы ықшамдаудандарын ішінара су басты. Селдің салдарынан Әуезов, Наурызбай және Алатау аудандары зардап шекті. Сел болған аймақтан 1036 адам эвакуацияланды, олардың ішінде 51 бала бар.
Дереккөз: tengrinews.kz