Тасқыннан зардап шеккен Қарағайлы елді мекені. Алматы, 23 шілде 2015 жыл.Алматы әкімінің орынбасары Юрий Ильин бүгін өткен брифингте Наурызбай ауданында болған тасқынға таудағы еріген мұздық пен жаңбырдан жиналған судың көл табанын бұзып кетуі себеп болған деп мәлімдеді.
«Күннің қатты ысуынан Қарғалы мұздығының астындағы аты жоқ көлшік суы көбейіп, көлемі 40 мың текше метрге жеткен. Салдарынан көл табанын бұзып аққан судың негізгі массасын Қарғалы өзенінің су бөгеті ұстап қалған. Бөгет бұзылған жоқ. Қазір суды екі шлюз арқылы төмен қарай ағызып жатыр» деген Юрий Ильин.
Ол таулы аймақтарда өзен суының арнасынан шығып кету қаупі әлі де барын хабарлаған.
«Демалыс күндері жауын-шашынның әсерінен таулы аймақтарда өзендер арнасынан шығып кетуі мүмкін. Қазір «Қазселденқорғау» мекемесі бақылап отыр. Қатердің алдын алу мақсатында қажет болса профилактикалық шаралар жүргіземіз» деген әкім орынбасары.
Ильин таудағы Үлкен Алматы көлі мен 6-көл бақылауда екенін, «олардағы жағдай тұрақты» екенін айтқан.
Алматыда 23 шілдеде түнгі сағат үштің шамасында Қарғалы өзені арнасынан асып, сел жүрген. Ресми мәліметтер бойынша, Алматы қаласының үш ауданы аумағын қамтыған тасқыннан әсіресе былтыр күзде жаңадан құрылған Наурызбай ауданы көбірек зардап шеккен. Апат аймағынан 200-ден аса адам эвакуцияланған. Адам қазасы туралы ақпарат түспеген.
Дереккөз: azattyq.org