Атырау, 27 қараша 15:40
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Алматыда селге байланысты төтенше жағдай жарияланды

2 856 просмотра

Image 0Алматыда 23 шілдеге қараған түні болған селге байланысты төтенше жағдай жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов мәслихат сессиясында айтты. Сонымен қатар, апат салдарын жоюға 2 миллиард теңгенің бөлінгені анықталды.

"Бүгін шамамен сағат 06.20-да 3500 метр биікте ұшып өту барысында мұздықтар басталатын жерде температура 11 градус болды. Сонымен қатар, морена көлдері пайда болып жатыр, солардың бірі тасып кеткен. Қарғалы өзенінде тоған бар, ол жартысына дейін толып тұр. Қазір ешқандай қауіп жоқ. Жедел штаб жұмыс істеп жатыр, аудандарда шығынның көлемі есептелуде. Нормативтік құжаттар бойынша, ТЖ жарияланғаннан кейін зардап шегушілерге белгілі бір сома төленеді", - деді Ахметжан Есімов.

Әкімдіктегілердің мәлімдеуінше, әкімнің тапсырмасымен зардап шеккендер уақытша баспанамен, азық-түлікпен, сумен және медициналық көмекпен қамтылды.

Еске сала кетейік, Алматыдағы сел 23 шілде күні түнгі сағат 03.00 шамасында жүрді. Қарғалы өзенінің су деңгейі көтерілгендіктен Қарғайлы және Таусамалы ықшамдаудандарын ішінара су басты. Селдің салдарынан Әуезов, Наурызбай және Алатау аудандары зардап шекті. Сел болған аймақтан 900-ге жуық адам эвакуацияланды. Олардың көбі №176 орта мектеп пен Наурызбай аудандық әкімдігіне орналастырылды. Қала басшылығы зардап шеккендерге көмек көрсетуге сөз берді. Селден келген шығынның көлемі оның салдарын жою шараларынан кейін анықталады.

Дереккөз: tengrinews.kz

23 шілде 2015, 12:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.