АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызметке штаттан тыс шетелдік менеджерлер тартылатын болады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Саян Ахметжанов мәлім етті.
«Келісімшарт бойынша бекітілген ережелерге сай, мемлекеттік қызметке штаттан тыс шетелдік менеджерлер тартылатын болады. Оларға жұмысқа алудың ерекше ережелері мен талаптары қолданылады. Мұндай тәжірибе Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі қазіргі заманғы мемлекеттік басқару жүйесінде бар. Мемлекеттік орган басшылары шетелдік менеджерлер қатарынан кандидаттарды кадрлық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қарауына ұсынатын болады», - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, жалпы мемлекеттік аппараттың бәсекеге қабілеттілігін жетілдіріп отыру үшін және мемлекеттік қызметке саланың нағыз мамандарын тарту мақсатында азаматтық секторлардан мамандар тартылып отырады. Олар ашық байқау арқылы өте алады. Олардың тәжірибесі назарға алынады. Кейін Мемлекеттік қызмет академиясында білімдерін жетілдіру үшін оқытылады», - дейді С.Ахметжанов.
Ал бұл салаға бірінші рет жұмысқа тұрушылар үшін үш кезеңдік байқау өткізіледі.
Еске сала кетейік, ҚР Президенті Н.Назарбаев жаһандық талаптарға жауап ретінде 5 институционалды реформаны жариялап, іске асыруды ұсынған болатын. Осы реформалардың арасындағы ең маңызды кәсіби мемлекеттік аппаратты құру және автономды мемлекеттік қызметті жетілдіру міндеттері жүктелген болатын. Осы мақсатта Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жаңа реформаны іске асыруды бастап кеткен болатын.
Дереккөз: inform.kz