Заңсыз таксистерге тықыр таянды. Тәртіп сақшылары арнайы рейд ұйымдастырып, рұқсатсыз нәпақа тауып жүргендердің қыр соңына түсті. Бұдан былай қызметі рәсімделмегендерге қатаң жаза қолданылады.
Тізгінде отырып, жолдың жиегін аңдитын таксистер Алматыда қарақұрым. Солардың шалт қимылынан тас жолда талай тағдырдың талқандалатыны бар. Осы тұста жолай жолаушы тасымалдайтындардың көбі жұмыстарын рұқсатсыз істейді. Оның үстіне көлігіне рұқсатсыз адам салатындардың арасында қылмыс жасайтындары кездеседі. Мұны тәртіп сақшылары жоққа шығарған жоқ.
«Көбінесе жеке тасымалдаушылардың өздері қылмыстың нысаны болады. Мысалы ретінде келтіретін болсақ, өткен жылы 15 жастағы бойжеткен осындай тасымалдаушының қолынан қаза тапқан болатын. Ал, бірер күн бұрын Алматының Алатау ауданында жеке тасымалдаушы өзінің жолаушысын зорлап, осындай қылмыстарға барды», - деді Алматы қ. ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Жолаушы тасымалдауға рұқсаттары жоқтарға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Мұны полицейлер қатаң ескертуде. Осы аптада 24 адам заңсыз такси қызметі үшін 124 адам жол жүру ережесін өрескел бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Салық органдары тексерісті әрмен қарай күшейтіп, тіркелмей жеке кәсіпкерлікпен заңсыз айналысқандарды жауапқа тартуды жалғастырмақ.
«Кез келген кәсіпкер мемлекеттік органдарда тіркелуі қажет, жеке кәсіпкер ретінде жеке тұлғалар тіркелуі қажет. Содан кейін сол еңбектерінің нәтижесінде Үкіметке салық төлеуі қажет», - деді Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстарының басқарма басшысы Еділ ӘЗІМШАЙЫҚ.
Алматыға күн сайын 200 мыңға жуық көлік кіреді. Олардың тең жартысы нәпақа табу мақсатында келетін заңсыз таксистер екен. Құзырлы органдар осындай кірме таксистердің кесірінен де, қалада кептелістің көбейіп, қылмыс бұзушылықтың өршіп тұрғанын алға тартады. Заңсыз таксист жүргізушілерінің тарапынан 32 қылмыстың беті ашылыпты.
Дереккөз: almaty.tv