ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының үкімімен БҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты РУ-170/2 мекемесінің бұрынғы бастығы Д.Ғабдушев ҚР ҚК 308-бабы 4-бөлігі «в» тармағы, 24-бабы 3-бөлігі - 177-бабы 3-бөлігі «г» тармағына сәйкес (1997 жылғы редакциядағы) және ҚР 58-бабы 3-бөлігі негізінде айыпты деп танылып, мүлкін тәркілеумен бірге 5 жыл бас бостандығынан айыруға сотталды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ол сонымен бірге екі жыл мерзімге мемлекеттік қызметті атқару құқығынан және әділет подполковнигі арнайы шенінен айырылды.
Сот талқысында белгілі болғанындай, колония бастығы мекемені қаржылық тексеру кезінде анықталған бюджетке бережақ қарызды толтыру деген желеумен қарауындағы қызметкерлерден заңсыз ақша жинауды ұйымдастырған.
Барлық жиналған қаржының есебінен Д.Ғабдушев 384 745 теңгемен қарызды толық өтеген де, қалған 159 856 теңгені қызметкерлердің сеніміне қиянат жасап, қалтасына басқан.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Дереккөз: inform.kz