Атырау, 27 қараша 09:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Семейде ҚР экс премьер-министрі Әкежан Қажыгелдиннің анасы қайтыс болды

3 315 просмотра

Image 0Бүгін, маусымның 5-і күні саяси қуғында жүрген Әкежан Қажыгелдиннің анасы Фаузия 84 жасында Семей қаласындағы ауруханада қайтыс болды.

1994 жылдың күзінен 1997 жылдың күзіне дейін үш жыл премьер-министр қызметін атқарған Әкежан Қажыгелдинді 2001 жылы Қазақстанның Жоғарғы соты 10 жылға бас еркіндігінен айыру туралы сырттай үкім шығарған. Кейін Қажыгелдинді Қазақстанның ресми сұрауы бойынша Интерпол екі мәрте ұстап, екеуінде де босатқан.

Әкежан Қажыгелдин 2007 жылы әкесі Мағжан Орынбаев қайтыс болғанда Қазақстанға келген жоқ. «Кейін Қазақстанға астыртын келіп, әкесінің басына барғаны» туралы әртүрлі ақпараттар шыққан. Қажыгелдиннің анасы Фаузияның қайтыс болғаны туралы ақпаратты алғаш болып Фейсбук әлеуметтік желісінде жариялаған «Тасжарған» газетінің бас оқырманы Ермұрат Бапи Азаттық тілшісіне Қажыгелдиннің Қазақстанға астыртын келіп, әкесінің басына барғаны жөніндегі ақпараттарды «қауесет» деді. Оның сөзінше Әкежан Қажыгелдин әкесіне топырақ салуға келе алмаған, анасын жерлеу рәсіміне қатысу үшін биліктің келісімі керек.

Әкежан Қажыгелдин премьер-министр қызметінен кеткеннен кейін «Әділ сайлау үшін» қозғалысын құруға арналған жиынға қатысқан еді. Соңынан Қазақстан соты Қажыгелдин әлі тіркеуден өтпеген қозғалыстың жиналысына қатысты деп әкімшілік жауапқа тартып, соның негізінде оны президенттік сайлаудан шеттеткен. 1998 жылы желтоқсан айында ол Қазақстанның республикалық халықтық партиясын құрып, көп ұзамай шетелге кетуге мәжбүр болды.

2008 жылы Азаттық радиосына берген сұхбатында Әкежан Қажыгелдин Ақордамен бейресми келіссөздер болғанын растаған еді. Соның ішінде Рахат Әлиев президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілі ретінде өзіне бірнеше рет келгенін, осы сыңайда келіссөздер әлі де жасалып жатқанын, немен аяқталары белгісіз екенін айтқан.

Қазақстандық саясаттанушылар қуғындағы Әкежан Қажыгелдиннің кейінгі кездері саяси белсенділігі азайғанына назар аударады. Оның бір себебі ретінде Рахат Әлиевтің қуғындалуына байланысты Назарбаевпен келіссөзге келудің жаңа мүмкіндіктерінің пайда болуы деген болжам айтылады.

Дереккөз: azattyq.org

5 маусым 2015, 10:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.