Қыз болып киіп, тестке кірген жігіт табан асты интернеттің романтигі атанды. 20 жастағы Аян Жәрдемовтың қылығы әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Кейбіреуі оны пайда қуған кәсіпкер десе, енді бірі көйлек киюге дейін барған студентті нағыз Мәжнүнге теңеген. Сөйтсе бұл оқиғаға махаббаттың еш қатысы жоқ екен. Мұны тергеушілерге берген жауабында Аянның өзі айтыпты. Тіпті ол қызды танымайтынын айтқан. Ал емтиханға кір деп әлдебір таныстары өтініш жасаған екен, деп хабарлайды КТК.
Қасы, көзі қиылған... Аян. Бұл жігіт күні кеше ғана күллі жұрттың күлкісіне қалған. Тестке кіру үшін қыз болып киініп, тіпті шаш пен кірпік жалғады. Сол қылығы кешелі бері интернетті дүр сілкіндіріп, талайларды таластырып қойды.
- Өзі нағыз алаяқ екен. Аямастан айыппұл салу керек. Ақша табудың жолын тауыпты.
- Романтик екен! Нағыз Мәжнүн!
- Мен әрине жасы келген адаммын, бірақ дәл қазір мынадай қоғамда әлі де сезімнің бары қуантады.
Бұл әлеуметтік желілердегі пікірлерді бір шеті ғана.
Романтиканың расымен қатысы жоқ екен. Мұны тергеушілерге берген жауабында Аян Жәрдемовтың өзі айтқан. Сөйтсе, емтиханға кір деп әлдебір таныстары өтініш жасаған екен. Енді сол қыздың өзін комиссия тесттен қуып жіберді. Ал Аянды аяған әлеуметтік желідегі жұрт оған салынған жарты миллиондай айыппұлды өтеуге жаппай қаражат жинауға қызу кіріскен.
Бұл жайтқа Ұлттық Банк төрағасының бұрынғы кеңесшісі Олжас Құдайбергенов те кәдімгідей қобалжыған. Қалталы азамат қомақты айыппұлды қазір өтеп бермекші. Қулыққа басқан жігітті адвокаттар да қолдап отыр.
«Аянға «бөтен құжаттарды иеленді» деген бап бойынша айып тағылып, ірі мөлшерде айыппұл салынды. Егер ол шын мәнісінде сезімге бой ұсынып, тестке кірген болса, онда ғашықтарды жазалауға негіз жоқ. Өйткені, Кодексте сезім үшін жазаға кесу мәселесі қаралмаған», - дейді Ескендір Әлімбаев есімді адвокат.
Ал Аянның өзі мүйізі қарағайдай қазақ-британ техникалық университетінің 3-ші курс студенті екен. Республикалық талай олимпиаданың жүлдегері, одан қалды ақтөбелік «Алтын белгі» иегері болып шықты.
Оқымысты жігіт әлеуметтік желілерде де ақылы қызмет ұсынған. Химия мен тарихты мықты етіп оқытам деген оның хабарламасы әр жерлерде ілінген екен. Дегенмен,«қызым үшін қыз болдым» деп ант-су ішкен жігітке сенгендер қазірде оның махаббат сезімін жан-жақтан насихаттап жатыр.
Дереккөз: bnews.kz
5 маусым 2015, 10:44
Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.
Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.