Астана. 26 мамыр. ҚазТАГ – Бауыржан Мұқанов. Қазақстандағы киіктердің жаппай қырылуы «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы ұшырулардың салдарымен байланысты болуы мүмкін, деп санайды ҚР инвестициялар және даму министрлігі әуе-ғарыш комитетінің төрағасы міндетін атқарушы Мейірбек Молдабеков.
«Әрине, бұл экологиямен байланысты болуы мүмкін, сондай-ақ ғарыш айлағымен. Бірақ, егер өңірлік тұрғыда қарастыратын болсақ, онда киіктердің өлу орны Байқоңырдан алыста», - деді М. Молдабеков сейсенбі күні сенат комитетінің кеңейтілген отырысында.
«Біз тікелей байланыс жоқ деп ойлаймыз, бірақ зерттейтін боламыз», - деп толықтырды ол.
Осыған дейін ҚР ауыл шаруашылық министрлігі Қостанай облысындағы өлген киіктердің саны 82 мың басқа жеткенін хабарлаған.
Бұдан басқа, Ақтөбе облысында 3092 дарақ қырылса, Ақмола облысында 4293 өлі жануардың денесі жойылған.
Еске сала кетейік, киіктердің жаппай қырылуы туралы бірінші хабар 10 мамыр күні Қостанай облысынан келіп түскен болатын, онда қазіргі таңда жануарлардың жаппай өлімі байқалып отыр. Кейіннен киіктердің өлімі Ақмола мен Ақтөбе облыстарында тіркелді.
Ұлттық ветеринария референттік орталығының қорытынды нәтижелері бойынша, киіктің қырылу себебі пастереллез болған.
Пастереллез – жануар ағзасының ауруларға табиғи қарсы тұруының төмендеуі салдарынан туындайтын жұқпалы ауру.
Дереккөз: ҚазТАГ