Астанада 12 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен жүкті жүргізушіге қатысты қандай жаза кесілуі мүмкін екендігін заңгер Джохар Өтебеков айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта сотта қаралуына дейін бұлтартпау шарасын таңдау барысында Toyota Land Cruiser көлігін жүргізген әйел кепілдік арқылы босатылуы мүмкін. Оның үстіне жаяу жүргіншіні қағып кеткен жүргізушінің жүктілігі де негізге алынады.
"Егер ол жол-көлік оқиғасы болған жерден із жасырмаған болса және сол уақытта мас болмаса жүктілігі негізге алынуы керек, оны қамауға алмау керек. Сондықтан бұлтартпау шарасы - кепілдікпен босату. Көп жағдайда жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалмаған әрі мас күйде болмаған жүргізушілерге қатысты қамауға алу санкциясына байланысты емес бұлтартпау шарасы таңдалады. Қазіргі уақытта осыған ұқсас жағдайларда кепілдікпен босату туралы шешім шығарылады, оның үстіне әйелдің жүктілігін есепке ала отырып", - деді заңгер.
Оның пікірінше, сот ісіне қатысты мәселеде адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзуға бес жылға дейін колонияға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
"Сот әйелдің жүктілігін негізге алады, сонымен қатар кішкентай балаларының болуы да негізге алынады. Заңда жүктіліктің жеңілдететін мән-жай екені жазылған. Жазалау мерзімі азаюы мүмкін. Барлығы бірінші кезекте оның жүктілігіне емес, зардап шеккендердің пікіріне тәуелді болады. Егер жүргізуші кешірімін алса, шартты түрде жазаға кесілуі мүмкін. Көп жағдайда бұл - қаржылай өтем беру. Жүргізуші әйел үшін бастысы - зардап шеккен тараптың оны бас бостандығынан айырмауға келісім беруі. Кісі өлтіргенде тараптардың ымыраға келуі алынып тастады. Егер ол зардап шеккен тараппен келісімге келіп, өтемақы төлесе, судья мерзімнің тең жартысынан аз уақытқа жаза тағайындауы мүмкін. Шартты түрде жазалауы да мүмкін", - деді заңгер.
Сонымен қатар, Өтебеков белгіленген жазаның кейінге қалдырылуы мүмкін екенін айтты. "Жаза мерзімін кейінге қалдыру қолданылуы да мүмкін. Бұл әдіс жүкті әйелдерге және 14 жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге қолданылады. Мұндай әйелдерге сот жазалауды 5 жылға кейінге қалдыруы мүмкін. Тәжірибе бойынша жазалау мерзімін кейінге қалдыру кезінде егер әйел өзін тәртіпті ұстаса сот көп жағдайда оны жазадан босатады", - деді ол.
Еске сала кетейік, 25 мамырда сағат 12.00 шамасында Астанада соңғы қоңыраудан қайтқан оқушыны көлік қағып кеткені хабарланған болатын. Иманов көшесі бойымен Петров көшесіне бағыт алған Toyota Land Cruiser Қажымұқан көшесімен қиылыста оңға бұрылып жатып, жаяу жүргіншілерге арналған өткелде кәмелет жасына толмаған баланы қағып кетті. Бала оқиға орнында қайтыс болды.
Бұдан кейін қайтыс болған баланың 2003 жылғы екені анықталды. Жүргізуші болса Астананың 1983 жылы туған тұрғыны. Іс сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестрінде тіркеуге алынды. Қазіргі уақытта 345-бап бойынша "Жол қозғалысы ережелерін бұзу немесе абайсызда адам денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян әкелу немесе адам өліміне әкеліп соққан көлік құралдарын пайдаланғаны" үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Дереккөз: tengrinews.kz