Екібастұздағы "Қазпошта" АҚ бөлімшесінен белгісіз біреулер 50 миллион теңге ақша ұрлап кетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі пошта қызметкерлеріне сілтеме жасап.
Оқиға 6 мамырға қараған түні болған. "Таңертең жұмысқа келгенде болған жағдай туралы білдік. Бізге Екібастұздағы №1 пошта бөлімшесін тонап кеткенін айтты ", - деді Екібастұздағы "Қазпошта" АҚ бөлімшесіндегілер. Бөлімшеден ұрланған ірі сомадағы қаржының әлеуметтік төлемдерге арналғаны белгілі болды. "Болған ТЖ байланысты біз зейнетақыны, жалақы мен жәрдемақыны бере алмай отырмыз. Себебі, ақша жоқ!", - деді пошта қызметкерлері. Кейін "Қазпошта" АҚ баспасөз қызметі бөлімшенің штатты режимде жұмыс жасап жатқанын хабарлады.
Еске сала кетейік, 2014 жылдың желтоқсанында Оралда жетім және мүгедек балалардың есепшотынан 22 миллион теңгеге жуық ақшаны жымқырған "Қазпоштаның" тоғыз қызметкері сотталғаны хабарланған болатын. Тергеу мәліметтеріне қарағанда, материалдық жауапты тұлға болған "Қазпоштаның" тоғыз қызметкері өздерінің "Колвир" жүйесіндегі логині арқылы жалған құжат жасап, жетімдер мен мүгедек балалардың ақшасын ұрлаған. "Қазпошта" Акционерлік қоғамының 2014 жылдың 3 жалтоқсандағы мәліметінше, сотталғандар қазір келтірілген шығын сомасын ішінара өтеген. Сот "Қазпошта" АҚ филиалының операциялық учаскесінің бастығын "Өзгенің сеніп тапсырылған мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу" бабы бойынша айыпты деп танып, оны жеті жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Тағы үш сотталушыға шартты жаза берілді. Бұған қоса, екі сотталушының бостандығы бір жылға шектелді. Бес жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарылған тағы екі сотталушы үшін үкімді орындау бір жылға шегерілді.
Дереккөз: tengrinews.kz