Әнші Батырхан Шүкеновтың жүрек талмасынан көз жұмғаны белгілі, алайда әншінің жақындары денсаулығы нашарлағаны жайлы хабардар болмаған деп хабарлайды NUR.KZ.
Халық әншісі Роза Рымбаева Шүкеновті қазасынан бірнеше күн бұрын сахнада көрген екен. Оны жүрек талмасына ұшырағанда дәрігерлер екі сағат бойы құтқаруға тырысқан.
“Соңғы рет мен оны 23 сәуірде көрдім. Біз бірге Қазақстан Ассамблеясының 20 жылдығына орай сахнада ән салдық. Біз дайындық жасап, жүгірумен болдық. Ол әзілге басып, көтеріңкі көңіл-күйде жүрді… Ол бізге денсаулығы жайлы ешқандай шағым айтқан емес. Бүгін таңғы 8-де құрбым хабарласып, Шүкеновті жедел-жәрдем құтқарып үлгермегенін жеткізді", – дейді әншінің жерлесі Рымбаева.
Рымбаеваның сөзін Қазақстандағы әншінің директоры Олжар Байқанов та растады. Оның айтуынша, дәрігерлер келгенде Батырхан ес-түссіз күйге түскен.
“Маған Мәскеудегі директор Руслан хабарласты. Ол Батырханның “Один в один" шоуындағы дайындықтан келе салысымен денсаулығы нашарлағанын айтты. Басында әнші жедел-жәрдем шақырғысы келмеді. Кейін ол Русланнан дәрігерлер шақыртуды сұрады. Жәрдем жеткенше ол тірі болатын. Бірақ дәрігерлер келгенде ес-түссіз халге түсіп, оны дәрігерлер құтқара алмады" – деді Байқанов.
Ал “МК" мәліметтері бойынша, әнші қаза болатын күні Симферопольский желекжолындағы өз пәтерінде жалғыз болған.
“Шамамен сағат түнгі 22.00-де әнші жүрегінің қатты ауырғанын сезіп, 03-ке өзі хабарласқан. Дәрігерлер әншінің жүрек талмасына ұшырғанын бірден түсінген. Қаза жүрек ақауынан болғанын сол жерде түсірілген ЭКГ да растаған", – деп жазды басылым.
Шүкенов дәрігерлердің көзінше есінен танып, арасында қайта есін жинаумен болған. Әншінің өмірін дәрігерлер екі сағат бойы құтқаруға тырысқанымен, нәтиже болмаған. Әнші ауқымды жүрек талмасынан көз жұмды.
“Батырхан Шүкенов дүниежүзілік деңгейдегі музыкант, әнші, әртіс, композитор деп мақтанамын. Жалғыз мен емес, бүкіл Қазақстан халқы Батырханмен мақтанады. Өкінішке қарай, бүгінгі күн қазақ халқы үшін, қазақ өнері үшін орны толмайтын қайғы. Батырхан бауырым менің жүрегімде мәңгілік қалады", – деп әнші Роза Рымбаева 24.kz сайтында Шүкеновтің қазасына көңіл айтты.
Дереккөз: nur.kz