Мемлекет басшысы Кәрім Мәсімовті ҚР Премьер-Министрі қызметіне тағайындау туралы жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайдыTengrinews.kz тілшісі Ақорданың Twitter желісіндегі парақшасына сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысы Кәрім Мәсімовті ҚР Премьер-Министрі қызметіне тағайындау туралы жарлыққа қол қойды", - делінген баспасөз таралған хабарламасында.
Осыған дейін Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Парламент Мәжілісі фракциясының басшыларымен кездесу барысында Қазақстан Республикасының премьер-министрі қызметіне Кәрім Мәсімовті ұсынған болатын. Бұдан кейін Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары премьер-министрлікке ұсынылған Кәрім Мәсімовтің кандидатурасын мақұлдаған болатын.
Еске сала кетейік, бүгін Астанада Президентті ұлықтау рәсімі өтті. Осыдан кейін Мемлекет басшысы министрлер кабинетінің өкілеттігін доғаруға байланысты "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" жарлыққа қол қойды. Сонымен қатар, облыс әкімдері және Астана мен Алматы қалаларының басшылары отставкаға кетіп, мемлекеттік органдардың Қазақстан Президентіне бағынышты және есеп беруге міндетті басшыларын қызметінен босатты.
Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 26 сәуірде өтті. Сайлаушылар саны рекордтық көрсеткішке жетті. Қазақстандықтардың 95,21 пайызы дауыс берді. ҚР ОСК нақты мәліметінше, Нұрсұлтан Назарбаев 97,75 пайыз дауыс жинады.
Дереккөз: tengrinews.kz