Астана. 28 сәуір. ҚазТАГ - Мирхат Әжіғалиев. Қазақстанда су тасқыны бұзып кеткен жол нысандарын қалпына келтіру үшін ҚР үкіметінің қорынан Т2,6 млрд бөлінеді, деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компания» АҚ басқармасының төрағасы Ермек Кинзатов.
«Қазіргі таңда оның шығыны шамамен 2 млрд 600 млн тенгені құрап отыр, бұл қаржы үкімет қорынан бөлінеді және сол нысандарды қалпына келтіруге жұмсалады, атап айтсақ, 3 көпір, 7 су өткізу құбыры, 23 шақырым автожол мен жол жиегі. Бүгінгі жағдай осылай, толық ақпар су тасқыны толығымен аяқталғасын белгілі болады», - деді Е.Кинзатов сейсенбідегі брифиингте.
Оның ақпарынша, қазіргі таңда 10 учаскеде көпірлер мен құбырлар бұзылған, 50 жол учаскесінің жиегін су шайып кеткен.
«Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында 3 көпір толық бұзылған, сосын Павлодар облысында, өкінішке орай, бүгін жаңадан хабар келіп түсіп жатыр, Өскеменді Ульяновскімен байланыстырып тұрған автожолда да көпірді су шайып кеткен... Қазір жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, барлық жерде айналып өтетін жолдар бар», - деді Е.Кинзатов.
Дереккөз: ҚазТАГ