Астанадағы "Керуен" орталығының маңында болған атысқа байланысты істе заттай айғақтардың ауыстырылғаны анықталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қазақстан ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Еске сала кетейік, 2014 жылдаң 26 қаңтарында Астанада атыс болған еді.
Зардап шеккен кәсіпкер Олжас Мұқажановтың айтуынша, сағат 16.20-да ол досымен бірге автомобиліне қарай келе жатқан. Оған кенеттен бетперде киген екі адам шабуылдап, травмат қаруымен атып кеткен. Кәсіпкер өзін екі метр қашықтықтан атқанын мәлімдеді. Мұқажановтың басына үш оқ, арқасына тағы үшеуі тиген. Оның досы да жарақат алды.
Кейін қылмыстың арнайы тапсырыспен орындалғаны белгілі болды. Астанада аталған деректерге қатысты "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, дегенмен кәсіпкердің айтуынша, бұл оқиғада қастандық жасалды, себебі травмат қаруымен жақын жерден ату өмірге қауіп төндіреді. Жәбірленушінің айтуынша, тапсырысты оның бизнестегі бұрынғы серіктесі берген, ал орындаған оның оққағарлары.
ІІМ өкілдері Астанадағы атысты ұйымдастыру үшін айыпталушылардың бірінің ісі сотқа жіберілгенін айтты. Олардың айтуынша, шабуыл жасаған екінші адам мен қылмысты ұйымдастырушыға байланысты тергеу амалдары әлі жүріп жатыр. Дегенмен зардап шегуші атысты ұйымдастырушыға байланысты тергеу ісінің аяқталғанын, ол жауапкершіліктен босатылғанын айтты. Мұқажановтың айтуынша, қылмысты жасағандардың бірі бар кінәні өз мойнына алып, қалған екі сыбайласын жауапкершіліктен құтқарады. Сонымен қатар, күдіктілердің арасында телефон арқылы болған әңгіменің жазылған нұсқасы тергеушілерде бар.
2015 жылдың сәуірінде баллистикалық сараптама нәтижесімен танысу барысында заттай деректердің ауыстырылғаны анықталды. Мұқажановтың айтуынша, алғашында істе гильзаның екі түрлі маркасы көрсетілсе, кейін іс материалында бір ғана гильзаның маркасы болған. Зардап шегушінің айтуынша, гильзаны жасыру - іске тек бір адамның қатысы барын дәлелдеу үшін жасалып отыр. ІІМ өкілдері заттай айғақтарды ауыстыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
Жәбірленуші жауапкершілікке қылмыстық топтың барлық қатысушыларын тарту керектігін айтты. Сонымен қатар, ол Астанадағы атыс бұзақылық емес, кісі өлтіруге оқталу екенін мәлімдеді.
Дереккөз: tengrinews.kz