Алдын ала мәліметтер бойынша ҚР Президенттік сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев 97,7 пайыз дауыс жинады. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.
«Сайлаудың алдын ала нәтижесі туралы айтатын болсақ, бізге келіп түскен ақпарат бойынша республикада сайлаушылар дауысы былай бөлінді. Әбілғазы Әлиақпарұлы Құсайынов үшін сайлаушылардың 0,7 пайызы дауыс берді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үшін - 97,7 пайыз, Тұрғын Ысқақұлы Сыздықов үшін - 1,6 пайыз», - деді Қ.Тұрғанқұлов.
ОСК төрағасы өз сөзінде 14 облыстан, Астана және Алматы қалаларынан хаттамалардың Орталық сайлау комиссиясына келіп түсуіне байланысты бұл деректер нақтыланатындығын атап өтті.
«Бұған заңмен екі күн белгіленген», - деді ол.
Дереккөз: ҚазАқпарат