Еуразиялық экономикалық одақ аясында валюталық одақ құру тақырыбын талқыламаймыз. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика вице-министрi Тимур Жақсылықов осылай мәлiм еттi.
«Бүгінде ақпараттық кеңістіктегі өзекті тақырыптардың бірі Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен валюталық ынтымақтастығына байланысты болып отыр. Осы орайда Қазақстан ЕАЭО аясында бірыңғай және ұлтүстілік валютаны енгізу мүмкіндігін жоққа шығару бойынша айқын әрі жүйелі ұстанымға негізделген. Бұл мәселелерді біз талқыламаймыз және күн тәртібіндегі тақырыпта да қамтылмаған»,-деді министрдің орынбасары.
Осы орайда ол Еуразиялық экономикалық одақ шартында валюталық одақты қалыптастыру туралы жағдай, бірыңғай ұлтүсті валютаны құру қарастырылмағанын және осындай жұмыстар жүргізілмейтіндігін атап өтті.
Оның сөзіне қарағанда, ЕАЭО аясында 2025 жылға дейін қаржылық нарықта реттеу саласында тек заңнамаларды үйлестіру қарастырылған, алайда онда монетарлық немесе валюталық одақ туралы ешқандай да мәселе көтерілмеген.
Естеріңізге сала кетейік, наурыз айында РФ Президенті Владимир Путин болашақта валюталық одақты қалыптастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынған болатын.
Дереккөз: ҚазАқпарат