Ресей Федерациясынан тасымалданатын дизельді отынға тағы бір ай шектеу енгізілетін болды. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің брифингісіне қатысқан Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов бұның себебін түсіндірді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Өздеріңіз білетіндей, осы жылдың 5 наурызынан 20 сәуіріне дейін біз Ресей Федерациясынан тасымалданатын бензин мен дизельді жанармайға тыйым салғанбыз. Себебі, бензин мен дизель отыны өте көп мөлшерде тасымалданып кетті. Жыл сайын біз Ресей Федерациясымен тепе-теңдік туралы құжатқа қол қоямыз. Соған сәйкес, биыл біз Ресейден 1 млн 100 мың тонна бензин, 520 мың тонна дизельді отын, 266 мың тонна авиакеросин тасымалдау керек болғанбыз. Алғашқы екі айда елімізге 400 мың тонна бензин, 200 мың тонна дизель отынын кіргізіп қойдық», - деп түсіндірді Т.Жақсылықов.
Оның айтуынша, еліміз бойынша бензиннің қоры тиісті мөлшерден асып кеткен.
«Яғни, біздің ойымызша, 200-250 мың тонна қор болса, бізге ыңғайлы болар еді. Қазір елімізде 350 мың тонна бензин қоры бар, 500 мың тоннадан астам дизельді отын қоры бар. Сондықтан, Ресей Федерациясындағы әріптестерімізбен келіссөз жүргізе келе, дизельді отынға тыйым салуды тағы бір айға созатын болдық. Бірақ бұл, көктемгі егістік жұмыстарын есепке алғанда, дизельді отын тапшылығын тудырмайды. Айта кетерлігі, қазір біз дизель отынының литрін 99 теңгеден сатсақ, диқандар үшін бір литрі 69 теңгеден сатылады»,-деп түйіндеді вице-министр.
Дереккөз: bnews.kz
22 сәуір 2015, 10:46