Алматы. 21 сәуір. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова/Динара Жаркеева. Қазақстанда сықақшы-авторлар жетіспейді, деп санайды Қазақстандағы жаңа «ТТТ» әзіл-сықақ театрын құрушылар.
«Қазір әзіл-сықақпен жұмыс жасайтын авторлар аз. Мысал ретінде айтар болсақ, Ресейдегі бір ғана Петросян театрына 500 автор жазады, сосын авторлардың туындылары ішінен іріктеледі, бізде Қазақстанда 20 театр үшін 10 автор жаза ма, жазбай ма, ешкім білмейді. Бізде жақсы авторлар бар, бірақ олар театрлармен тығыз ынтымақтастықта деп айта алмаймын, бізге авторлар жетіспейді», - деді «ТТТ» театрының директоры Асылбек Боранбай сейсенбідегі баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ ол авторлардың жетіспеушілігінен театрлардың шетелдік драматургтер мен сықақшылардың қойылымдарын қазақстандық көрерменге бейімдеуге тура келетінін айтты.
Сонымен қатар, «ТТТ» театрының актері Марат Көккөзов авторлардың көбінің әзілі «белден төмен» болатынын атап өтті.
«Қазақстанда авторлар қазір көп, алайда қазір сәнге айналып кеткендей, бізге келетін материалдардың көбінің форматы «белден төмен». Біздің оны айтуға құқымыз жоқ, себебі менталитет деген бар, және біз міндетті түрде сол мәдениетті сақтаймыз», - деді М.Көккөзов.
«Біздің елде менталитет басқа, біздің мақсатымыз - бізді ата да, әже де, баласы мен келіні де, немересі де бірге көре алуы, бірдей түсініп, күлуі», - деп толықтырды ол.
Жаңа «ТТТ» әзіл-сықақ театрының құрамына «Тамаша» театрының актерлері мен режиссері кірген.
«Жаңа ұжымды Асылбек Боранбай құрды. Актерлер, барлық құрамы – белгілі «Тамаша» әзіл-сықақ театрынан шыққандар. Оның құрылғанына да 40 жылдай болды, қазіргі таңда оның құрамы ең азы»,- деді М.Көккөзов.
Дереккөз: ҚазТАГ