Атырау, 27 қараша 05:23
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Қазақстан сириялық қақтығыстар бойынша диалог құру мәселесін қарастыруға дайын - ҚР СІМ

2 867 просмотра

Image 0Қазақстан сириялық қақтығыстар бойынша диалог құру мәселесін қарастыруға дайын, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі - ресми өкілі Алтай Әбибуллаевқа сілтеме жасап.

"Сириялық оппозицияның жекелеген өкілдерінің Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдауын алғанымызды және ол осындай жағдайға сәйкес және сыпайылық ережелері талап ететіндей қарастырылғанын растаймыз. Осыған орай, ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың атынан жауап-хат жолданды", - делінген баспасөз хабарламасында.

"Біздің еліміздің принципиалдық ұстанымдары келесі мәселелерді қамтиды: Қазақстан БҰҰ, Араб мемлекеттер лигасы, АҚШ, РФ өкілдік еткен халықаралық қауымдастықтың қабылдап отырған шараларын, сонымен қатар сириялық билік пен оппозицияның зорлық-зомбылық пен қантөгісті тез арада тоқтату мақсатында өзара үнқатысу мен татулық арқылы Сирияның саяси болашағын айқындауға бағытталған күш-жігерін қолдайды. Осыған орай, Қазақстан Сириядағы қақтығысты реттеу бойынша «Женева-2» конференциясы аясында сириялық билік пен оппозияция арасындағы келіссөздердің жалғасуына үміттенеді", - деп хабарлады Алтай Әбибуллаев сириялық оппозициясының өкілдерінің жолдауының тек дәл осындай қағидамен қарастырылғанына тоқталып.

Өзінің жауап-хатында ҚР Сыртқы істер министрінің тағы да Қазақстанның Сириядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатуға деген ұлттық және халықаралық күш-жігерді қолдайтынын жеткізгені хабарланды."Ол Қазақстан тиісті тараптар үшін қажетті үнқатысу алаңын ұсыну мүмкіндігін қарастыруға дайын екендігін және осыдан келе хат авторларын бірінші бейресми және көпшіліксіз пікіралмасу отырысын өткізу үшін Астанаға шақыру мәселелерін атап өтті. (Жабық хат-алмасу жарыққа шығып, БАҚ-тарда жариялануы кем дегенде таң қаларлық жағдай). Сонымен қатар, хатта кездесу форматы, делегация құрамы, олардың репрезентативтілігі, ұсынылып отырған платформаның қатысушыларының міндеттері мен ақырғы мақсаттары жетістікке қол жеткізу үшін аса маңызды екендігі арнайы аталып өтілді", - делінген Қазақстан Республикасының СІМ баспасөз хабарламасында.

Осылайша, қазіргі таңда мәселе тек аталған жағдайды тереңірек зерттеу туралы болып отыр. "Біз хат авторларын Қазақстанға жұмыс бабында келіп, танысып, әрі қарай мәселені талқылауға негіздеменің бар-жоқтығын түсіну мақсатында шақырып отырмыз", - деді Әбибуллаев.

"Сонымен қатар, қазіргі уақытта бар келіссөздер алаңдарын, соның ішінде женевалық және мәскеулік форматтардағы келіссөздерді принципиалды тұрғыда қолдайтынымызды және Қазақстанда сириялық дағдарысты шешу кеудемсоқтығы немесе қазіргі бар алаңдарды ауыстыруға деген қандай да бір ниет жоқ екенін ерекше атап өтеміз", - делінген хабарламада.

Сонымен бірге, хатта Сириядағы ауыр гуманитарлық дағдарыстың салдарына қатты алаңдаушылық айтылып, Қазақстан азаматтық тұрғындардың жағдайын кішкене болсын жеңілдету мақсатында барынша көмек көрсетіп келгені және алдағы уақытта да бұл бағыт бойынша жұмысты жалғастыра беретіні жеткізіліп, әлемдік қауымдастықтың күш-жігері дәл осы бағытқа жұмылу керектігі айтылған.

Осыған дейін сириялық оппозиция өкілдері сирияаралық келіссөздерге Астананың ресми түрде қосылуын сұраған болатын.

Дереккөз: tengrinews.kz

21 сәуір 2015, 09:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.