Алматыда сән және дизайн колледжіндегі жарылысқа қатысты сот тергеуі басталды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне Алматы сотының баспасөз қызметінің жетекшісі Қуандық Ешімет хабарлады. Еске сала кетейік, Алматы колледжіндегі жарылыс 2014 жылы қарашада болған еді.
Сотталушылар орындығында алғашқы әскери дайындық пәнінің үш мұғалімі отыр - Ғабит Қарабалаев, Юрий Гавриленко және Серік Баймолдинов. Мұғалімдердің барлығы "Қару-жарақты заңсыз сақтады" деп айыпталып отыр, ал сабаққа әскери снарядты алып барған Қарабалаевқа тағы екі пункт бойынша айып тағылды: "Абайсызда қазаға ұшырату" және "Абайсызда денсаулыққа зиян келтіру".
Колледждегі жарылысқа қатысты 4 сәуірде өткен алдын ала тыңдау аяқ асты аяқталды. Зардап шеккен студенттердің туыстары Қарабалаевқа кешірім берді. Еске сала кетейік, Алматы сән және дизайн колледжіндегі жарылыс 17 қараша күні сағат 08.40-та алғашқы әскери дайындық сабағында болды. Іс материалдарына қарағанда, Қарабалаев колледждің бірінші курсының №9 тобына сабақ беріп жатқан. Ол оқушыларға РГД-5 гранатасының құрылымын көрсетіп жатқан, бұл гранатаны ол алғашқы әскери дайындық пәнінің бұрынғы мұғалімі Юрий Гавриленкодан алыпты. Қарабалаев гранатаны оқушыларға беріп, оның мұрындығын тартуға болмайтынын ескерткен. Үзіліс кезінде ол гранатаны партаның үстіне қалдырған. Сол кезде студенттердің бірі мұрындықты тартып қалады да, жарылыс болады. Оқиға салдарынан бір студент қыз қайтыс болып, 12 адам ауруханаға түсті, тағы үш адам дәрігерлерге өз еркімен көрінді.
Дереккөз: tengrinews.kz