Атырау, 27 қараша 05:40
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

БЖЗҚ-да жинақталған зейнетақы жинағының сомасы Т4,7 трлн-нан асты

1 918 просмотра

Image 0Алматы. 17 сәуір. ҚазТАГ – «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында» (БЖЗҚ) жинақталған зейнетақы жинағының сомасы 2015 жылғы 1 сәуірге Т4,7 трлн-нан асты.

«Биылғы жылдың 1 сәуірінде БЖЗҚ салымшыларының (алушыларының) жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны барлық шарт түрі бойынша 9 986 467 бірлікті құрады. Зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 4,7 трлн. теңгеден асып түсті», - деп көрсетілген жұма күні БЖЗҚ таратқан хабарда.

2015 жылдың бірінші тоқсанында БЖЗҚ алып, салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ-ына бөлінген инвестициялық табыс – 58,25 млрд. теңге.

2015 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерінің сомасы – 42,43 млрд. теңге, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына аударылған сома – 3,39 млрд. теңге.

БЖЗҚ өңірлік желісі 240 қызмет көрсету кеңсесін қамтиды. Қордың өңірлік құрылымына әр облыс орталығында, республикалық мәні бар қалаларда (Алматы және Астана), сондай-ақ облысқа бағынышты ірі қалаларда (Жезқазған және Семей) біреуден орналасқан 18 филиал кіреді. Филиалдар жанында 23 бөлімше және 199 қызмет көрсету орталығы ашылған.

ENPF ұялы қосымшасы іске қосылғаннан бастап 2015 жылғы 1 сәуірге дейін 36 мыңнан астам жүктеу жүргізілген.

Биылғы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша е-gov порталы арқылы қызмет іске қосылғалы бері (2015 жылғы 16 ақпан) салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарынан 10800-ден астам үзінді көшірме берілген.

Еске салсақ, мемлекет басшысының 2013 жылғы 23 қаңтардағы тапсырмасына сай Қазақстанда «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ құрылған. Ол ресми түрде өз жұмысын былтырғы 22 тамызда бастады.

Дереккөз: ҚазТАГ

17 сәуір 2015, 12:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.