Қарағанды облыстық соты Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметовтің үй қамауына алу мерзімін 2015 жылдың 18 мамырына дейін ұзартты. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігі соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Серік Ахметовтің үй қамауындағы мерзімін ұзарту туралы өтініш дүйсенбі, 13 сәуірде Қарағандының Қазыбек аудандық сотында қаралды.
Соттың шешімімен дүйсенбі күні Қарағандының экс-әкімі Мейрам Смағұловтың (16 мамырға дейін), "Қарағанды қаласының жер қатынастары бөлімі" МБ экс-басшысы Ернар Дәрібековтің (16 мамырға дейін) және "Қазақстан өнеркәсіп корпорациясы" ЖШС директорының бұрынғы орынбасары Әлжан Ақмолдаевтың (20 мамырға дейін) қамаудағы мерзімі ұзартылды.
Еске сала кетейік, Қазақстанның бұрынғы министрі Серік Ахметовке жемқорлық мәндегі алты қылмыс бойынша ресми түрде айып тағылған болатын, олардың қатарында аса ірі көлемде пара алды (тергеудің тұжырымынша, 2 миллион 400 мың доллар - Автор.), аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды, лауазымын асыра пайдаланды және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласты деген айыптар бар.
Шенеунік 2014 жылы қарашада қамауға алынды. Осыдан кейін қамаудың мерзімі ұзартылды. Қарағандылық соттың бұған дейінгі шешімімен қамау мерзімі 18 ақпаннан 18 сәуірге дейін ұзартылған болатын. Ахметовтің үстінен қозғалған қылмыстық істің көлемі 150 томға жетті.
Дереккөз: tengrinews.kz