"Самұрық-Қазына" АҚ Силикон жазығында еншілес компания құру мүмкіндігін қарастырып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі компания баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
9-10 сәуір күндері "Самұрық-Қазына" АҚ жұмыс тобы Қор басшысы Өмірзақ Шөкеевтің жетекшілігімен Силикон жазығындағы (Калифорния, АҚШ) кәсіпорындарды аралап қайтқаны хабарланды. "Самұрық-Қазына" тобындағы бірқатар компаниялардың жетекшілерінен тұратын жұмыс тобы Стэнфорд және Беркли сынды белді университеттер мен Tesla Motors, SolarCity қатарлы танымал инновациялық компаниялардың жұмысымен танысты.
"Тараптар таза энергетика, газ-химия, көлік, медицина, ауыл шаруашылығы мен білім беру, ІТ саласын дамытуда әріптестік орнату мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда Силикон жазығында "Самұрық Innovation" компаниясын құру мүмкіндіктері қаралды", - делінген баспасөз хабарламасында.
Жұмыс бабындағы іс-сапар барысында "Самұрық-Қазына" компаниялар тобының қызметі таныстырылып, "Астана ЭКСПО-2017" Халықаралық мамандандырылған көрмесі, Астанада құрылысы басталған "Жасыл орам" және күн панельдері өндірілетін "Kaz PV" жобасы туралы мағлұмат берілді.
"EXPO 2017" көрмесіне әзірлік аясында іске асырылуы мүмкін бірлескен жобаларды талқылау үшін Стэнфорд университеті, SolarCity және Motors компанияларының өкілдері ағымдағы жылдың мамыр айында өтетін Астана экономикалық форумына шақырылды. Ұсынысты Силикон жазығының іскер және ғылыми ортасы ерекше ықыласпен қабыл алды. Жоғарыда аталған қос компанияның директорлар кеңесінің мүшесі және Бас директоры Илон Маскпен келелі кездесуде әріптестікті көрмеге қатысу аясынан ауқымды қарқында ілгерілету жолдары сараланды, - делінген хабарламада.
Дереккөз:tengrinews.kz