Атырау, 27 қараша 04:38
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Қазақстанда қызылшаға шалдығудың деңгейі 13 есеге өсті

1 571 просмотра

Image 0Қазақстанда қызылшаға шалдығудың деңгейі 13 есеге өсті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2015 жылдың алғашқы 3 айында қызылшамен сырқаттанушылықтың 1121 жағдайы тіркелген, ал 2014 жылы бұл көрсеткіш 84-ке тең болыпты.

"Эпидемиологиялық жағдайдың өршуімен қатар сырқаттанушылықтың өсуінің негізгі себептерінің бірі егуді тоқтату болып отыр. Соңғы 3 жылда қызылшамен сырқаттанушылықтың эпидемиологиялық жағдайының өршуі бүкіл әлемде байқалады. Яғни, Батыс Еуропада қызылшаның 100 мыңнан аса жағдайы, ТМД елдерінде (Ресей Федерациясы, Грузия, Қырғыстан) - 14 мыңнан аса жағдай тіркелген", - деп хабарлайды министрліктегілер.

Биыл 4 наурызда Астана қаласында өткен Еуропа аймағын қызылшаға қарсы иммундау мәселесі бойынша дөңгелек үстел шеңберінде сөз сөйлеген педиатрия бөлімі және Испаниядағы Сантьяго жұқпалы аурулар университеттік клиникалық ауруханасының басшысы доктор Федерико Мартион Торрес вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулардың, соның ішінде қызылшаның алдын алудың жалғыз әдісі вакциналау болып отырғанын атап өткен болатын.

"Вакцина дайындалды және бүкіл әлемде сәтті қолданылуда. Осының арқасында 6 миллион адамның өмірі сақталды, қызылшамен сырқаттанғандардың саны 1 миллион адамға қысқарды және бұл айтарлықтай нәтиже, 1 мың бала қызылшамен ауырса, оның ішінде 1 бала өледі деп бағаланған", - деді ол.

Айта кетейік, бүкіл әлемдегі қызылшамен сырқаттанушылық бойынша күрделі эпидемиологиялық жағдай ескеріліп, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2015 жылғы 15 қаңтардағы қаулысымен 15 және 19 жас аралығындағы тұлғаларды қызылшаға қарсы қосымша иммунизациялаудан өткізу туралы шешім қабылданған болатын.

Алайда, иммунизациялау барысында республиканың 5 облысында жасөспірімдерді қызылшаға қарсы вакциналаудан кейін 396 өтініш тіркелді. Жасөспірімдердің 264-і ауруханаға жатқызылып, барлығы емделіп шықты. Осыған байланысты ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 19 ақпандағы қаулысымен қызылшаға қарсы қосымша иммунизациялау тоқтатылған болатын және 2 наурыздағы қаулысымен иммунизациялауды тоқтатудың мерзімі 4 мамырға дейін ұзартылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда қызылшаға қарсы екпенің зерттеу қорытындысының шыққаны хабарланған болатын. Қорытындыға сәйкес, Қазақстандағы қызылшаға қарсы вакцинаның физикалық-химиялық және биологиялық көрсеткіштері нормативтік талаптарға сай екені анықталды.

Дерекккөз: tengrinews.kz

13 сәуір 2015, 10:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.