Қазақстан азаматтары Ригада отандастарының отбасын олардың Алматы қаласындағы үйін тартып алу мақсатында кепілге алды, - деп хабарлайды Delfi.lv.
Құқыққорғау органдарының мәліметінше, наурыз айының басында мемлекеттік полицияға ұйымдасқан топтың Латвияда ұзақ уақыт бойы тұрып жатқан қазақстандық отбасыны басып алғаны жайлы хабар келіп түскен. Кепілге алынғандардың ішінде әкесі, шешесі және олардың екі баласы - 8 жастағы қыз бен алты жасар ұл бала болған. Қазақстанның азаматтары пәтерлердің бірінде қамауда ұсталған, бірақ нақты қай жерде екенін тәртіп сақшылары өз күштерімен табуы керек болды.
Қылмыскерлер ұстап отырған әйелден Алматыдағы 400 мың долларға бағаланған жылжымайтын мүлкін басқа біреудің атына жазуды талап еткен. Кепілге алынғандар бұған дейін қылмыскерлермен таныс болмаған. Полиция нақты мекен-жайды анықтаған кезде кепілге алынғандарды босату бойынша операция өткізу туралы шешім қабылданған. Тәртіп сақшылары мен арнайы қызмет жауынгерлері күдіктілер тобын ұстады. Кейін олардың да Қазақстан азаматтары екені анықталды.
Тәртіп сақшыларының үйге басып кіру кезінде пәтерде кепілге алынғандар мен ұйымдасқан қылмыстық топтың екі мүшесі болған: Қазақстан азаматтары 1985 және 1990 жылдары туылғандар. Күдіктілер оқиға орнында ұсталды, ал олардың сыбайластары: 1966 және 1968 жылғы азаматтар кейінірек ұсталды. Қазіргі уақытта ұсталғандар қамауда отыр. Тергеу жалғасып жатыр.
Дереккөз: tengrinews.kz