ҚР Қарулы Күштеріндегі әскери-транспорттық авиацияның ұшу құрамы өздерінің сыныптық біліктілігін дәлелдеді, - деп хабарлайдыTengrinews.kz тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 19132 және 53975 әскери бөлімдерінде теориялық және практикалық білімдерін тексеру арқылы біліктілік санаттарын беру бойынша әскери-транспорттық авиацияның ұшу құрамының жиыны аяқталды. Аталған жиын Әуе қорғанысы күштері жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес өтті.
"Жиынға жеке құрамнан 50-ге жуық адам тартылып, оның ішінде ұшқыштар, штурмандар мен инженерлік-техникалық құрам қатысты. Қорытынды ұшулар С-295, Ан-26 және Ан-72 ұшақтары арқылы орындалды. Екі апта ішінде авиация мамандары сыныптық біліктілігін растау үшін теориялық және практикалық сынақтар тапсырды", - делінген хабарламада.
Басқолбасшының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Еркен Жұмағалиевтің айтуынша, әскери-транспорттық авиацияның ұшқыштарын кәсіби даярлау басты назарда болып отыр. Авиацияда ең маңыздысы – ұшу қауіпсіздігі.
"Өз кезегінде ұшу құрамының міндеттерді уақытылы орындау және жауынгерлік әзірлігі қауіпсіздік мәселесімен тығыз байланысты. Осындай іс-шараларды өткізудің қажеттілігі зор. Өйткені оның барысында жауынгерлер білімін жетілдіріп, ұшқыштар және инженерлік-авиация мамандары өздерінің меңгерген көп жылдық тәжірибесімен бөліседі. Әскери ұшқыш жақсы ұшып қана қоймай, осы салада ұшуды басқаруды, жас ұшу құрамын оқытуды да білуі тиіс", - дейді ол.
Айта кетейік, жиын қорытындысы бойынша сынақты сәтті тапсырған ұшқыштарға, штурмандарға және инженерлік-техникалық құрамға, олардың ішінде – 1-сыныпты штурман капитан Алмаз Исабековке, 3-сыныпты ұшқыш майор Сабыр Құсайыновқа, Арман Жәнікеевке және аға лейтенант Сергей Бекетовке сыныптық біліктілік берілді.
Дереккөз: tengrinews.kz