Қазақстандағы қызылшаға қарсы вакцинаның физикалық-химиялық және биологиялық көрсеткіштері нормативтік талаптарға сай екені анықталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Мұндай қорытындыға Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығының мамандары келді.
Ұлттық орталықтың мәліметінше, Serum Institute of India (Үндістан) өндірген қызылшаға қарсы моновакцинаның еріткішпен қоса 16 физикалық-химиялық және биологиялық көрсеткіштері сынақтан өтті. Сынақ қорытындылары нормативтік құжаттың талаптарына сай екенін көрсетті. "Идентификациялау" және "ерекше белсенділігі" көрсеткіштері бойынша сынақтардың өткізілуін бақылау үшін Serum Institute of India LTD өндіруші Vero жасушаларының реагенттері алынды. Сынақ қорытындылары 2015 жылы 20 сәуірде шығады.
"ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті қызылшаға қарсы сатып алынған моновакцинаның көлемін, сұранысын, техникалық сипаттамасын анықтады. Қызылшаға қарсы вакциналауды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарын қосымша иммунизациялауды өткізу кезеңінде жоспардан тыс тексеруді ұйымдастырған кезде вакцинаның "салқындату тізбегін" сақтау және тасымалдау ережелерінің бұзылуы анықталған жоқ", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бүкіл әлемдегі қызылшамен сырқаттанушылық бойынша күрделі эпидемиологиялық жағдай ескеріліп, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2015 жылғы 15 қаңтардағы қаулысымен 15 және 19 жас аралығындағы тұлғаларды қызылшаға қарсы қосымша иммунизациялаудан өткізу туралы шешім қабылданған болатын.
Алайда, иммунизациялау барысында республиканың 5 облысында жасөспірімдерді қызылшаға қарсы вакциналаудан кейін 396 өтініш тіркелді. Жасөспірімдердің 264-і ауруханаға жатқызылып, барлығы емделіп шықты. Осыған байланысты ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 19 ақпандағы қаулысымен қызылшаға қарсы қосымша иммунизациялау тоқтатылған болатын және 2 наурыздағы қаулысымен иммунизациялауды тоқтатудың мерзімі 4 мамырға дейін ұзартылды.
Дереккөз: tengrinews.kz