Курчатов қаласында атом электр станциясын салу туралы келісімге осы жылдың алғашқы жарты жылдығында қол қойылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін «Атом энергетикасы және атом өнеркәсібі» атты алтыншы халықаралық көрмесінде «РесейАтом» мемлекеттік корпорациясының Қазақстан Республикасындағы өкілі Виталий Рябов мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Ядролық саладағы Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық кеңес заманынан бері келе жатыр. Қазір бір ынтымақтастықтың жаңа кезеңіндеміз. Атом станциясын салу туралы келісімге қол қойылады. «Қазақстандағы алғашқы атом станциясысының» деп айтқым-ақ келеді, бірақ, олай емес. Себебі, аймаққа отыз жыл бойы энергия мен жылу таратып келген Ақтау атом станциясы бар. Жалпы, көптеген адам атом энергиясына үрке қарайды. Бұл бәлкім Чернобыль, Хиросима апаттарының зардабы шығар. Бірақ, біздің мамандар, ғылыми институттар ядролық қуаттың қауіпсіздігін арттыру үшін күш-жігерлерін жұмсап келеді. Ал, атом энергетикасының пайдасын білетін халық оң көзқараста. Мысалы, Қазақстанның ядролық орталығы – Курчатов қаласының халқы атом станциясын салуға қарсы емес», - дейді В.Рябов.
Оның айтуынша, Курчатов қаласындағы атом станциясын салу туралы келісімге 2015 жылдың бірінші жарты жылдығында қол қойылуы мүмкін.
«Жалпы, мәселе қазір детальді түрде қаралып жатыр. Кейін келісім-шарттарды дайындау барысын жеңілдету үшін және құрылысты бастау үшін негізгі келісім детальді түрде әзірленуі керек. Сондықтан, қазір келіссөздер жүріп жатыр. Ресейде бір рет ведомствоаралық келісім жүргізіп қойдық. Бірақ, Қазақстанда бұл мәселе біраз кешігіп жатыр. Ол министрліктің қайта құрылуына, жаңа талаптардың пайда болуына байланысты. Сондықтан, қазір мәселенің бәрі келісіліп жатыр. Жақында, бәрі шешіледі. Осыған дейін айтылып, жазылып жүргендей, Ресей осы атом электр станциясының орны ретінде Курчатов қаласын «көздеп» отыр. Ал, Балқашта салынатын атом станциясына қатысты тендер жарияланады. Бұл мәселе қазір шешіліп жатыр. Жалпы, Курчатов қаласындағы станцияға қатысты келісімге осы жылдың жарты жылында қол қойылуы мүмкін», - дейді корпорация өкілі.
Дереккөз: bnews.kz