Видеоны редакцияға оқырман жіберді. Кадрлардан қарулы екі жігіттің дүкенге кіріп, келушілерді ата бастағанын көруге болады. Келушілердің бірі сатушылар тұратын орынға секірсе де, оқтан құтыла алмайды. Шабуылдаушылар бұдан кейін дүкеннен асығыс шығып кетеді.
Маңғыстау облысы ІІД баспасөз қызметінің өкілдері бұл оқиғаның "Дархан" дүкенінде 3 сәуірде сағат шамамен 22.00-де болғанын айтты. Жаңаөзеннің криминалдық полициясының қызметкерлері екі күдіктіні ізін суыптай ұстады. Шабуыл жасағандардың үшеу болғаны және олардың 20-25 жастағы тұрғындар екені анықталды. Жапа шеккен екі адам да Жаңаөзен қаласының тұрғыны. Оның бірі 22 жаста, екіншісі 20 жаста.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, шабуыл жасағандар мен жапа шеккендердің арасында жанжал болған. Кейін шабуыл жасаған жігіттердің оларды аңдып келіп, қасақана атқаны белгілі болды. Маңғыстау облысы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Әлия Шермағамбетованың айтуынша, жарақат алғандар ауруханаға жеткізілді, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Күдіктілер Түпқараған ауданындағы Саин Шапағатов ауылында туыстарының үйінде тығылыпты. Олар қазіргі уақытта Ақтаудағы уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, олардан жауап алынып жатыр. Ешқайда тіркелмеген қару тәркіленді.
Ал зардап шеккедер болса оларды атқан адамдардың үстінен қандай да бір арыз-шағым түсіруден бас тартты. Қазіргі уақытта осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Дереккөз: tengrinews.kz