“Самұрық-Қазынаның” жүйесіне хакерлік шабуыл жасалған Алматы іргесіндегі “Асыл арман” көпқабатты үйінен пәтер алуды армандаған талай адамның үміті ақталмады деп хабарлайды Астана арнасы.
Жалға берілетін баспаналарға өтініш, таңғы сағат 10-да “Самұрық Қазына” жылжымайтын мүлік қорының сайты арқылы қабылдана бастаған еді. Сол сәттен-ақ мыңдаған үміткер электрондық өтініш жолдап, түстен кейін оның күші жойылды. Ғаламторға телміргендердің айтуынша, бастапқыда сайт ашылмай, өтінішті жолдау қиынға соққан.
Бірінші тапсырған кезде осындай келеңсіздіктер болғаны кәдімгідей алаңдатып тұр. Құлшынысымыз қайтып қалды
“Электронды арызды тізім бойынша 6-шы тұрдық. Содан кейін біраз уақыттан кейін тағы өзгерістер шықты. Тапсырғандар қайта тапсырады деп шықты. Бірінші тапсырған кезде осындай келеңсіздіктер болғаны кәдімгідей алаңдатып тұр. Құлшынысымыз қайтып қалды”, – дейді Мирас Мұқашев.
Бастапқыда “Самұрық-Қазына” жылжымайтын мүлік қоры баспанаға өтініштерді 26-наурызда қабылдайтынын хабарлап, оны кейін 1-сәуірге шегерген екен. Қор мамандарының айтуынша, жүйеге ақпан, наурыз айларында хакерлік шабуылдар мен сыртқы әрекеттер жиілеп, қазір оны арнайы орындар зерттеуге кірісіпті.
1 сәуірде жалдамалы пәтерлерге алғашқы 1 минуттың ішінде 10 мың адам өтініш жолдаған. Пайдаланушылардың шектен тыс көптігінен кейбіреулер жүйеге тіркелу мүмкіндігінен қағылған.
“Біз процесті қадағаладық, кейбір пайдаланушылардың жүйеге кіруге мүмкіндігі болмады. Қор шараны шынайы өткізу мақсатында комиссия құрып, кейбіреулердің жүйеге тіркеле алмауынан біз сайыс қорытындысын қабылдамадық. Қордың тұрғын үй комиссиясы сайыс қорытындысын жою туралы шешім шығарды”, – дейді “Самұрық-Қазына” жылжымайтын мүлік қоры активтерді басқару департаментінің директоры Тимур Қалдыбаев.
“Самұрық Қазына” жылжымайтын мүлік қоры қазір жүйенің қауіпсіздігін және қуаттылығын күшейту мақсатында бірқатар шараларды жүзеге асырмақшы. Сондықтан келесі электрондық өтініштерді қай күні қабылдайтыны әлі белгісіз.
“Асыл арман” тұрғын үйінен пәтерді жалға алғандар бағдарлама бойынша оны сатып алуға құқылы. Сондықтан қордың сайтын пайдаланушылар саны 16 мыңнан асып жығылыпты.
Дереккөз: 7 канал