«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы осы саладағы олқылықтарды жою, ойын бизнесі туралы заңнаманың бұзылуын бақылауды қатаңдату, сондай-ақ заңнамалық шектеулерді айналып өтетін ережелерді алып тастау арқылы ойын бизнесі саласындағы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын жетілдіру мақсатында әзірленді. Заң жобасының келесі негізгі жаңарған тұстарына тоқталуға рұқсат етіңіздер. Азаматтық іс жүргізу кодексінде интернет-казино қызметін заңсыз деп танудың іс-жүргізу механизмі бекітіледі. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте ойын бизнесі туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті көздейтін бап нақтыланады. Ойын бизнесі туралы заң талаптарын бұзғаны үшін қосымша әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Салық кодексінде: ай сайынғы салық алымын арттыру ұсынылады. Букмерлік кеңсенің кассасынан 75 АЕК-ден 150 АЕК-ке дейін, тотализатор кассасынан 125 АЕК-ден 150 есептік көрсеткішке дейін, тотализаторлардың электрондық кассасынан 125 көрсеткіштен 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылады. Ойын бизнесі туралы заңнамаға түзетулер енгізіледі. Біріншіден, казино және ойын автоматтарының қызметі бөлігінде ұғымдық ақпарат нақтыланады. Интернет клубтар түрінде жұмыс істейтін онлайн казино қызметі мәселесін шешу мақсатында интернет-казино және электрондық-казино ұғымдарының ара жігі ажыратылады. Ойын жабдығы мен бәс тігуді ұйымдастыруға арналған жабдық ұғымдарының аражігі ажыратылады», - дейді заң жобасын таныстырған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
«Екіншіден, әрбір ойын мекемесіне казино және ойын автоматтар залдары үшін міндетті резервтер түрінде қамтамасыз ету 25 көрсеткіштен 60 мың көрсеткішке дейін ұлғайтылады. Үшінші, бір казинодағы, сондай-ақ казино орналасқан ғимараттарға ойын үстелінің ең төменгі саны кемінде отыз, ойын автоматтары кемінде алпыс болу талабы енгізіледі. Букмерлік кеңселер мен тотализатор қызметі бөлігінде де өзгерістер бар. Біріншіден, ойын ғимараттарынан тыс, сондай-ақ ойын қызметін ұйымдастырушы болып саналмайтын адамдарға бәс тігуге, бәс қабылдауға тыйым салу белгіленеді. Екіншіден, ғимараттардың құқық меншігінде міндетті болу бойынша талаптар енгізіледі. Үшіншіден, әрбір ойын мекемесіне букмерлік кеңселер үшін міндетті резевтер түрінде қамтамасыз ету 20 мың көрсеткіштен 40 мың көрсеткішке дейін, тотализаторлар үшін 5 мың көрсеткіштен 10 мың көрсеткішке дейін ұлғайтылады. Ойын бизнесі туралы заңда жалпы сипаттағы ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметі бөлігінде мынадай өзгерістер бар. Біріншіден, тұруға арналмаған үй жайларда ойын мекемелерін, тотализатор кассаларын немесе букмерлік кеңселердің орналасуына тыйым салынады. Екіншіден, ойын бизнес ұйымдастырушысы уәкілетті органдарға үш айда бір рет банк салымы бойынша шарт жасасқан кезде ашылған банк есебі бойынша қолма-қол ақша және ақша қозғалысы туралы анықтама ұсыну жүктеледі. Жарнама туралы заңда. Интернет-казино жарнамасына тыйым салу туралы ереже бекітіледі», - дейді А.Мұхамедиұлы.
Министрдің айтуынша, заң жобасы заңнамадағы олқылықтарды жоюға бағытталған. Сенат депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, бас комитетке құжатты екінші оқылымға әзірлеуді тапсырды.
Дереккөз: bnews.kz