Қазақстан мен Венгрия арасында тiкелей әуе рейстерi iске қосылады. Бұл туралы бүгiн бизнес-форумда Венгрия Премьер-министрi Виктор Орбан мәлiм еттi, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.
«Сондай-ақ, бiз авиацияға қатысты құжатқа қол қою туралы келiсiмге келдiк. Бұл Венгрия мен Қазақстанның iрi қалалары арасында тiкелей әуе рейстерiн iске қосудың алғышарты болып табылады», - дедi Виктор Орбан.
Мұнымен қатар, оның айтуынша, бүгiн Қазақстан мен Венгрия стратегиялық кеңес пен қаржылық қор құрды.
«Әр тарап қорға 20 млн доллардан құяды. Бұл қадам екi ел бизнес-қауымдастығының ынтымақтастығын кеңейтуге ықпал етедi», - деп қосты Венгрия Премьер-министрi.
Айта кетейiк, Астанада бүгiн Қазақстан-Венгрия бизнес-форумы өттi. Форумға екi елдiң 300-ден астам бизнес өкiлдерi жиналды. Тараптар екiжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерiн талқылады.
Бизнес-форум қорытындысы бойынша жеңiл өнеркәсiп, мұнай және газ, сауда және қаржы, медициналық жабдықтар өндiрiсi, кадрларды дайындау және дамытудағы ынтымақтастық туралы бiрқатар екiжақты құжатқа қол қойылды.
Дереккөз: bnews.kz