Республиканың 14 өңірінде 59 сайлау округінде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау болды деп хабарлайды орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі.
««Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 101-бабы 4-тармағына сәйкес 29 наурызда республиканың 14 өңірінде 59 сайлау округінде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау болды. Астана қалалық мәслихатының 1 депутаты, 8 облыстық, 10 қалалық және 40 аудандық мәслихаттың депутаттары сайланды»,-делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, сайлау науқаны барысында барлығы 196 кандидат ұсынылды. Олардың 60-ын саяси партиялар ұсынды, 136-сы – өзін-өзі ұсынғандар. Округтік сайлау комиссиялары мәслихаттар депутаттығына кандидат ретінде 179 адамды тіркеді.
«Жалпы республика бойынша сайлау бюллетеньдеріне 167 кандидаттың тегі енгізілді. Бір депутаттық мандатқа орташа бәсекелестік шамамен 3 үміткерді құрады»,-деп ақпараттандырды ведомстводан.
2014 жылғы 29 наурызда 252 сайлау учаскесінде өткен дауыс беру болды. Сайлаушылардың келуі 81,7%-ды құрады. Дауыс беру барысы мен дауыстарды санау рәсімін кандидаттардың сенім білдірген адамдары, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің және БАҚ өкілдері, барлығы 447 адам, байқауды жүзеге асырды.
«Мәслихаттардың сайланған депутаттарының құрамында 43 ер адам және 16 әйел адам. Мәслихаттардың сайланған депутаттарының орташа жасы - 45 жас. Олардың 98,3%-ның жоғары, 1,7% –ның арнаулы орта білімі бар. 28,8%-ы мемлекеттік мекемелерде, ұйымдарда және кәсіпорындарда, 50,8%-ы коммерциялық құрылымдарда жұмыс жасайды, 20,3%-ы - саяси партиялар мен ҮЕҰ қызметкерлері»,-деп қосты комиссиядан.
Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА.