«ЖТМ. Каспийдің солтүстік-шығыс бөлігіндегі нысандарға арналған жүктерді тасымалдау маршруты» жобасына берілген рұқсат беру құжаттарының заңдылығына прокуратураның көз салғаны туралы бейресми ақпарат көздерінен белгілі болды.
Әзірге іс құжаттарды әзірлеуге немесе қарауға қатысты болған адамдармен сөйлесумен ғана шектеліп жатыр. Біз облыстық прокуратураға сұраныс жібердік. Ал бұл уақытта «ТеңізСервис» ЖШС мердігері – ТШО Болашақ кеңейту аясында осы жобаны жүзеге асыратын «Unex stroy» ЖШС Құлсары қаласында 2015 жылға арналған Табиғат қорғау жоспары бойынша қоғамдық тыңдау өткізді.
Экологиялық тұрғыдан алғанда даулы осы жоба туралы біз бірнеше рет жазған едік («Бекіре тұқымдастарға қауіп төніп тұр», «Тыңдауды қайталауға тура келеді», «"Канал құрылысы экологияға зиянын тигізеді"» мақалаларын қараңыз). Алайда «ТеңізСервистің» барлық рұқсат беру құжаттары түгел екен және жоба экологтардың қарсылығына қарамастан өз жұмысын қызу бастап кетті.
ҚЫРДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫ
«Unex stroy» жоба аясында кіру автокөлік жолдарымен бірге сынақ алаңдарын салады. Жұмыстарды 2015 жылдың ақпанынан 2016 жылдың мамыры аралығында бітіру жоспарланған. Таныстырудан кейін компанияның жетекші экологы Татьяна ВЯЗЬМИНА бұл жұмыстардың экологияға еш әсері жоқ деп түйіндеді. Құрылыс жүретін учаскеде адамдар тұрмайды, жақын жердегі елді мекен 70 шақырымнан алыс орналасқан.
Құлсары қаласы тұрғындарының белсенділігі қуантты. Егер бұрын тыңдауға қатысушылардың, негізінен қадірлі ақсақалдар, бар талабы «шипажайларға жіберіңдер» деген сияқты тілектермен шектелетін еді, ал бұл жолы нақты сұрақтар қойды.
«Автостройсервис» ЖШС директоры Төлен АМАНБАЕВТЫтехникалық сулар қайдан тартылатыны және осыншама үлкен көлемде топырақтың қайдан қазылатыны қызықтырды.
- Сонымен қатар, бұл жердің барлығы суға кету қаупі бар аймаққа жатады, теңізден қандайма болсын фауна (шабақтар, балықтар) кіруі мүмкін. Тыңдауда айтылған табиғат қорғау іс-шараларына бөлінетін 33 млн теңгенің ішіне рекультивациялау шығындары кіре ме?
«Unex stroy» мамандары техникалық су мамандандырылған ұйымдардан сатылып алынады деп жауап берді. Ал 12,5 шақырымдық кіру жолдарын салуға арналған топырақ су тасу аймағынан тыс Прорва 1; Сарықамыс маңынан Прорва 2; Морской карьераларынан алынады. Топырақ таңдалғаннан кейін рекультивация жоспары қарастырылды. Рекультивацияға кететін шығындарға келетін болсақ, Вязьминаның айтуынша, ол биылғы жыл жоспарына кірген жоқ, жобаның аяқталу кезеңдеріне қосылады.
Құлсарылықтар вахталық ауылдың ауқымы туралы сұрап, ауыл 800 адамға арналған деген жауап алды.
ЖЕРГІЛІКТІ АДАМДАРҒА ЖҰМЫС БОЛАДЫ
Зейнеткер Ілиясов Құлсары мен Теңіз арасына жол салу керектігі жөнінде мәселені қозғады. Қазіргі жол 35 жыл бұрын салынған және бірде-бір күрделі жөндеу жүргізілмеген.
- Вахталық ауылдар қора сияқты салынады, онда тұруға жақсы жағдайлар жасалмаған және зауыттың қасында тұрғандықтан, адамдардың денсаулығына қауіпті. Біз вахталық ауылды Құлсарыда салуды ұсынамыз, мұнда барлық инфрақұрылымдық нысандар – мектептер, балабақшалар және т.б. қарастырылған.
Қоғамдық тыңдауды жүргізуші Шынар ІЗТІЛЕУОВА бұл мәселелер жобаға тапсырыс беруші – «Теңіз сервис» пен ТШО-ның құзіретінде екенін ескертті.
Дәстүр бойынша жергілікті халықты жұмысқа алу туралы сұрақтар қойылды. «Unex stroy» өкілдерінің айтуынша, жобаны іске асыруға жоғары білікті мамандар керек емес, сондықтан да басымдық Атырау облысының, алғашқы кезекте Жылыой ауданының тұрғындарына беріледі.
Ендігі кезекте «ТеңізСервис» ЖШС «Қоршаған ортаны қорғау», «Құрылысшылар ауылы, қоймалар алаңдарын және уақытша кіру автокөлік жолдарын салудың ерте кезеңдеріндегі жұмыстар жобасы» бөлімдері бойынша қоғамдық тыңдаулары өтеді. Тыңдау 12 ақпанда Құлсары қаласында Байжанов көшесі, 147 («Еуразия» қонақ үйі) мекенжайында өтеді. Басталуы 11.00-де.
Естеріңізге салсақ, ЖТМ жобасында «Теңізшевройл» ЖШС-тің Үшінші ұрпақ зауыты құрылыс алаңына қажетті дайын модульдерді Ақтау портынан жеткізуге арналған ұзындығы 66 шақырым теңіз каналын салуды көздейді. Каналмен бірге жүктерді түсіріп-тиейтін айлақ кешені мен кіру жолдары салынады. Жобаның құны 2013 жылы $600-700 млн-ды құрады.
«ТеңізСервис» ЖШС – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-тың (48,99%) еншілес құрылымы. «ТеңізСервис» акцияларының қалған бөлігі жеке тұлғаларға тиесілі, араларында Тимур ҚҰЛЫБАЕВТЫҢ аты аталады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА