Атырау, 28 сәуір 18:33
 ашықВ Атырау +15
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Тыңдауды қайталауға тура келеді

1 863 просмотра

26 қарашада «Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігіндегі нысандар үшін жүктер тасымалдау бағыты. Көлік кірме жолдары бар жағалау ғимараттары мен құрылыстар» жобасының Қоршаған ортаға әсерін бағалау жөніндегі «ТеңізСервис» ЖШС-нің қоғамдық тыңдауы өтті.

Олар сенсациялық тұрғыда аяқталды деп айтуға болады: Атырауда өткен қоғамдық тыңдау тарихында алғаш рет «дөңгелек үстелде» талқылау жалғасады. Соның барысында компания өкілдері осы шара барысында жауап бере алмаған сұрақтарға жауап беруге тиіс.

 

БИЛІК ҚОЛДАУЫ

Жұртшылық ұстанымын білдірген академик Мұфтах ДИАРОВ спикерлер әзір болмағандықтан тыңдауды кейінге қалдыруды ұсынды. Оны жергілікті билік өкілі – облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Орақ БИСЕМБИЕВ күтпеген жерден қолдады. Жобалау компаниясының өкілдері дайындалып, дөңгелек үстел өткізуі тиіс. Оған дейін жұртшылық тыңдауының хаттамасы облыстық әкімдіктің сайтына орналастырылмайды, яғни, олар өтті деп есептелмейді.

Жұртшылықтың басты талабы – жобалаушылар «ТеңізСервис» жобасының жүк тасымалдау бағыты бойынша «Солтүстік Каспий теңіз каналының айлақтық құрылыстары» деп аталатын бірінші бөлімі туралы өзекті сұрақтарға жауап бере алмады немесе жауап бергілері келмеді («Канал құрылысы экологияға зиянын тигізеді»).

Естеріңізге салсақ, экологтар каналдың бекіре тұқымдас балықтар мен итбалықтардың көшу жолдарын жауып тастайтындығына алаңдаулы. Сонымен қатар, жұртшылықты «ТеңізСервистің» айлақты болашақта мұнай мен қайталама өнімдерді экспорттауға арналған терминал ретінде пайдалану жөніндегі белгілі болған жоспары да мазалады. Мұндай мүмкіндік, атап айтқанда, жобаның голландық әзірлеушілерінің есебінде қарастырылған. «ТеңізСервис» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Алексей САФОНОВ бұған былай деп мәлімдеді:

- Жобада мұнай тасымалдау қарастырылмаған. Мұнайды жіберу үшін құбырлар және т.б. керек. Егер голландық компания болашақта осылай жасауға болады деп жазған болса, бәлкім, бұл олардың болжамы шығар.

Дегенмен, бұл қатысушыларды еш тыныштандырмады. Олар Сафонов пен жобалаушылардың болашақ жүк тасымалдау бағытының (ЖТБ) жағалау инфрақұрылымы бойынша тікелей тыңдау тақырыбын талқылайық деп бірнеше рет ескерткендерін де елең қылмады. М.Диаров пен Атырау аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының бас маманы Бостан СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ пікірінше, жобаның бірінші және екінші бөлімін бір-бірінен ажыратып қарастыруға болмайды.

Нақтыланған ақпарат бойынша, теңіз каналының тереңдігі 4,8 м, ұзындығы 66 км, ені 66 метрді құрайды. Теңіз түбіндегі жұмыстар барысында, Сафоновтың айтуынша, 19 млн тонна топырақ алынатын болады. Үйінділерге келер болсақ (бекірелер мен итбалықтар өту үшін), олар шахматтық тәртіппен, әрқайсысы 1,5 км ұзындықта, бір-бірінен 3 шақырым қашықтықта орналасады. Каналдың ұзына бойында 27 үйінді болады.

Жағалау инфрақұрылымы Жүктерді уақытша сақтау құрылғысынан (ЖУСҚ)– тікұшақ алаңын қосқанда 36 нысаннан; инженерлік-техникалық мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстар, кеңселер, жүктерді түсіру құрылғысы (ЖТҚ) аумағын тіршілікпен қамтамасыз ету ғимараты – 30 нысаннан; екі VIP-үйшіктері мен 272 адамға арналған 4 тұрғын блоктары бар вахталық қалашықтан; көлік жолдарынан, тазарту құрылғыларынан, сыртқы электрмен қамту және сумен қамту жүйелерінен тұратын болады. Мұның бәрі алаңы 18,8 га болатын аумаққа орналастырылады.

Теңіз кенішінің Келешек кеңею жобасы кезеңінде модульдарды тасымалдауға арналған «уақытша нысандардың» мұндай ауқымда болуы тыңдаушыларды одан әрі тіксіндіріп тастады.

 

«БІЗ БӘРІНЕН КЕЙІН МАҚҰЛДАДЫҚ»

ЖТБ жобасының бірінші бөлігіне мемлекеттік экологиялық сараптаманың табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы берген оң қорытындысына келер болсақ, Бисембиев тыңдау кезінде біздің бұдан бұрын жолдаған ресми сауалымызға жауап берді. Ал кейінірек редакцияға жазбаша түрде жауап жолдады:

«Экологиялық кодекстің (ЭК) 48-бабына сәйкес, мемлекеттік экологиялық сараптама 2-санаттағы нысанға жергілікті атқарушы орган – табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің (ҚОжСРМ) экологиялық реттеу және бақылау комитетінің 02.06.2014 жылғы хатының негізінде жүргізді. ЭК-нің 57-бабына сәйкес, осы жоба бойынша қоғамдық тыңдау өткізілді. Қатысушылардың барлық ұсыныстары мен ескертулері жобаны әрі қарай жете өңдеу үшін хаттамаға енгізілді. Бұл жобаны Атырау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті, ҚОжСРМ су ресурстары комитеті, ҚОжСРМ орман және аң шаруашылығы комитеті, ҚОжСРМ балық шаруашылығы комитеті, көлік және коммуникациялар министрлігінің көлік және қатынас жолдары комитеті, Атырау облыстық аумақтық орман және аң шаруашылығы инспекциясы, бассейндік су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий инспекциясы қарап, өкілетті органдардың тиісті мақұлдауларын алды. Бұдан басқа, жоба әзірлеушілер “КаспиЭколоджи Инвайроментал Сервисез” ЖШС-нің тәуелсіз сараптамасының оң қорытындысын алды. Жоғарыда аталғандардың негізінде табиғат ресурстары мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы осы жобаға "Қоршаған ортаға әсерді бағалау" бөлімі бойынша негізделген мемлекеттік экологиялық оң қорытындыны берді.

 

ЖАНАЙҚАЙ

Ал тыңдау барысында Бисембиев те кезінде осы жобаға қатысты оның да күдігі болғанын, алайда жоғарыда аталған барлық өкілетті органдардан мақұлдау алғаннан кейін басқарманың оң қорытынды бергенін айтты. Сонымен қатар оның сөйлеген сөзінен көптеген жергілікті табиғат қорғау құрылымдары іс жүзінде ешқандай сараптамалық қорытындыны бермегені, ал осы жауапкершілікті Балық шаруашылығы комитетіне жүктегені белгілі болды. Оның төрағасы Қанат МҰСАПАРБЕКОВ биылғы жылдың 25 маусымынан кешіктірмей оң шешім шығарды.

Осыған байланысты мынадай сұрақ туындайды: егер әлі күнге дейін экологиялық тұрғыдағы бүкіл жобалар бойынша бүкіл мақұлдауларды олар Астанадан алатын болса, неліктен кезінде табиғат пайдаланушыларды бүкіл жобаларды жергілікті жұртшылықпен талқылауға міндеттеген?

Тыңдау соңындағы АМУ студенті Вера КУРБАНОВАНЫҢ "ТеңізСервис" өкілдері мен мердігерлеріне Каспий тағдыры туралы ең алдымен Қазақстан азаматтары ретінде ойлануға шақырғаны эмоциялы, сәл аңғал естілді.

"Дөңгелек үстелді", яғни, қайталама тыңдауды өткізу мерзімі әзірге белгіленген жоқ.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

2 желтоқсан 2014, 08:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.