Қарағандыда полиция қызметкерлерінің автокөлігі жол-көлік оқиғасын туғызуға әрекеттенді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "ОСА" қоғамдық бірлестігіне сілтеме жасап.
"ОСА" бірлестігі редакциясына жол полициясы экипажының көшеде жарыс ұйымдастырып, жаппай жол-көлік оқиғасын туғыза жаздағаны түсірілген бейнеролик жолданды. Қоғамдық ұйым мүшелерінің айтуынша, бұл патруль экипажы бұған дейін де жолдарда жарысып, көзге түскен. Бұл дерек бойынша "ОСА" бірлестігі ішкі істер органдарына шағым жолдады.
Петропавлда да полиция қызметкерлерінің тәртіпсіздігі әшкере болды. Онда тәртіп сақшысы қызмет куәлігін көрсетуді сұраған жүргізушіні балағаттады. Қоғамдық ұйымның сайтында жарияланған бейнероликтің сипаттамасында 17 қараша күні сағат 20.42-де полицейдің жүргізушіні алдыңғы жарығын қоспағаны үшін тоқтатқаны айтылады. Құқық қорғау органы қызметкері жүргізушіге қызмет куәлігін көрсетуден бас тартты. Әңгімелесу барысында жол сақшысы жүргізушіге бірнеше рет тіл тигізді. Қоғамдық ұйым өкілдері бұл дерек бойынша да жол қозғалысы инспекторының үстінен жергілікті ішкі істер департаменті мен Ішкі істер министрлігіне шағым жолдады.
Айта кетейік, әлеуметтік желі қолданушылары қоғамдық бірлестік өкілдерінің әрекетін сынап жатады. Олардың айтуынша, "ОСА" бірлестігі өкілдері полиция қызметкерлерін арандатуға тырысады. "ОСА" қозғалысының өкілі Руслан Лазутаның айтуынша, өздерін полицейлерді арандатты деп айыптау орынсыз. "ОСА" мүшелері ешқашан полиция қызметкерлеріне тіл тигізбейді. Мазасызданатыны рас. Бірақ оларды түсіну керек. Адамдар өз шаруасымен кетіп бара жатады, ал оларды шала сауатты инспектор тоқтатады да, екі сөздің басын қоса алмай тұрады. Содан жанжал туады. Қашанда жанжалды жол полициясы қызметкері бастайды", - дейді ол.
Оның айтуынша, тұтас алғанда, полицейлерді арандату жағдайларының болатыны шындық. "Әрине, ондай жағдайлар болып тұрады. Олар - көбіне инспекторларды қасақана арандатып, кейін роликті Интернетке орналастыруды әдетке айналдырған Украина немесе Ресей тұрғындарының әрекетін сүйсініп қарайтындар. Бірақ бізде ондай жағдай жоқ. Сол себепті бізде бір адам емес, түрлі адамдар түсірген роликтер болады", - деді Лазута.
Дереккөз: tengrinews.kz